​ЖАТТЫҒУды КӨҢІЛ-КҮЙІҢІЗГЕ қарай таңдасаңыз, НӘТИЖЕ жақсырақ болады

0
240

Ойлар мазаласа – жүгіріңіз, өзіңізге сенімділік азайса – күштік жатығулар жасаңыз


​ЖАТТЫҒУды КӨҢІЛ-КҮЙІҢІЗГЕ қарай таңдасаңыз, НӘТИЖЕ жақсырақ болады

Сурет: ЖИ

Спорттық жаттығулар денені шынықтырады, денсаулықты нығайтады. Сонымен қатар, көңіл-күйді көтеретіні туралы да айтылады. Ал физикалық белсенділіктің қай түрі нақты қандай эмоцияны басып, қайсысын оятатынын білесіз бе?


Физикалық белсенділік кезінде біздің көңіл-күйімізге әсер ететін эндорфин деңгейі көтеріледі. Ол ерекше эмоционалды серпін береді. Ал дофамин мен серотонин мотивация мен ішкі тепе-теңдікті ұстап тұрады. Алайда әртүрлі жаттығулар түрлері әртүрлі процестерді іске қосады.

МИЫҢЫЗДЫ МАЗАСЫЗ ОЙЛАР ТОРЛАСА – ЖҮГІРІҢІЗ немесе ЖЫЛДАМ ЖҮРІҢІЗ

ДЕНЕҢІЗ СЫҒЫЛЫП, ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ШИЕЛЕНІС ШАРЫҚТАП ТҰРСА, ЖҮЙКЕҢІЗ СЫР БЕРСЕ – бұл күйді ЖҮЗУ ЫДЫРАТАДЫ

ЙОГА, СОЗЫЛУ ЖАТТЫҒУЛАРЫ, ТЫНЫС АЛУ ГИМНАСТИКАСЫ – ЖҮЙКЕНІ ТЫНЫШТАНДЫРАДЫ, ІШКІ ҮНІҢДІ ЕСТУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

КҮШТІК ЖАТТЫҒУЛАР – ӨЗІҢЕ СЕНІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ, ІШКІ ТІРЕКТІ БЕРІК ЕТЕДІ

БИЛЕУ – ҚУАНЫШ ПЕН БАҚЫТТЫ СЕЗІНДІРЕДІ, ТОПТЫҚ БИ АДАМДАРМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТУ ҚАЖЕТТЛІГІН ЖАБАДЫ

МИЫҢЫЗДЫ ТЫНЫҚТЫРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ – БАССЕЙНГЕ, ЙОГАҒА БАРЫҢЫЗ, ТАБИҒАТ АЯСЫНДА ЖҮРУГЕ ШЫҒЫҢЫЗ

ЕҢСЕҢІЗ ТҮСІП, ЖАБЫРҚАСАҢЫЗ, ЭНЕРГИЯ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ БОЛСА – ҚЫСҚА КҮШТІК ЖАТТЫҒУЛАР МЕН ЙОГА ЖАҒДАЙЫҢЫЗДЫ ТҮЗЕЙДІ


Нәтиженің жақсы болуы жаттығудың түріне, ұзақтығы мен тұрақтылығына тікелей байланысты.

Жүгіру қарапайымдылығымен ыңғайлы, бар керегі – жайлы аяқкиім мен тегіс жол. Бірқалыпты жүгіру мен тыныс алу ырғағы жүгіруді медитацияға айналдырады, сөйтіп мазасыз ойлардан арылтады.

Ал іште ашуланшақтық жиналып, бойды босаңсыту қиынға соққан кезде жүгіру өте пайдалы. Аэробты жүктеме бұлшықет кернеуін азайтып, ағзаға үнемі жинақылық режимінен шығуға көмектеседі. Жылдам немесе ұзақ жүгіру міндетті емес. Қысқа әрі жеңіл жүгірудің өзі өміріңіз бен эмоцияларыңызды қайта бақылауға алғаныңызды сездіреді. Бірақ жүгіруді өзіңізбен жарысқа айналдырмау маңызды. Эмоционалдық жай-күйіңізге басымдық беру керек болса, қарқынды немесе қашықтықты азайтқан жөн.

Суда жүзу кезінде әлем басқаша қабылданады. Дыбыстар көмескіленеді. Дене салмақсыз күйге түсіп, қалқиды. Ал тыныс алуды мүлде басқаша реттеуге тура келеді. Осының бәрінің әсері жағымсыз ойларды еріксіз ығыстырып шығарады. Сондықтан жүзуден кейінгі әсер «қайта жүктеуге» ұқсайды.

Йога – зейінді, тыныс алуды және дәл қазір денеде болып жатқан жағдайды байқау қабілетін жаттықтыру. Адам бір қалыпта ұзақ тұруға, жағымсыз тартылуға төзуге, ыңғайсыздықтан қашпауға жаттықса, стреске бірден реакция жасамауды да үйренеді. Бұл күнделікті өмірде өте қажет дағды. Әсіресе ұйқысыздық, ашуланшақтық және созылмалы кернеу кезінде өте құнды. Тыныс алу жаттығулары мен бірқалыпты қозғалыстар жүйке жүйесінің қозуын басуға көмектеседі. Йогадан кейін бірден жағдайдық жақсарғанын күту – қате. Кейде жаттығудан кейін ми тынышталудың орнына, ашу немесе көз жасы пайда болуы мүмкін. Бұл да процестің бір бөлігі. Осылайша дене бұрыннан жиналған жағымсыз эмоциялардан «арылады».

Күштік жүктемеге келсек, мұнда ырғақ аз да, нақтылық көп: салмақ, тәсіл, техника, қайталаулар саны. Дәл осы прогресс күштік жаттығуларды өзін-өзі бағалаудың қуатты құралына айналдырады. Осыдан бір апта бұрын шамаңыз жетпеген, шаршатып-шалдықтырып қойған жаттығуды бүгін оңай еңсересіз. «Менің қолымнан келді! Әлі талай нәрсе қолымнан келеді!» деген сенімділік пайда болады. Мұндай тәжірибе біртіндеп өмірге де ауысады. Алға күрделі міндеттер қойып, оларды кезең-кезеңімен орындауға үйретеді. Күштік жаттығулар, әсіресе, көңілсіздік, дәрменсіздік сезімі кезінде өте пайдалы. Олар өзіне деген сенімділікті қайтарады. Сіз жаттығуға жай ғана шыдап қоймайсыз, жоспарды ұстанасыз және нәтижесін көресіз.

Биді басқа жаттығулардан ерекшелейтін бір нәрсе – музыка. Дене нұсқаулық бойынша емес, ырғаққа ілесіп қозғала бастайды. Музыка өз денеңіздің қалауын сезінуге, оны орындауға, сол арқылы еркін болуға мүмкіндік береді. Би физикалық белсенділікті, эмоционалды көріністі және басқа адамдармен қарым-қатынасты біріктіреді. Топтық сабақтарда үлкен бір ортаның бөлшегі екеніңізді сезіне бастайсыз.

Жаттығу не спорт түрін көңіл-күйге сай таңдау маңызды. Өзі физикалық не моралдық түрғыда шаршап тұрған адамға тағы бір ауыр жаттығу зиян тигізуі мүмкін. Ал мазасыз ойларға батып жүрген адамға кейде босаңсу емес, қарқынды жүктеме қажет. Сондықтан физикалық белсенділікті таңдауда өз жағдайыңыз бен қажеттіліктеріңізге сүйеніңіз.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЙОГАның бетке арналған тәсілдері ІСІНУді басады

Орынды айылмаса БАТАның қасиеті, АҚСАҚАЛдың қадірі қашады

Талдан түскен ЖАПЫРАҚТАРДЫ өртемей, ПАЙДАҒА ЖАРАТУҒА болады