​Сенат Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтатты

0
105

Жалпы отырыста депутаттар аталған қаулыны қабылдауға дауыс берді.


​Сенат Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтатты

Фото: Ағыбай Аяпбергенов /Kazinform

ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Конституциялық сот судьясының өкілеттігін тоқтату және лауазымынан босату туралы шешім қабылданды, деп жазады inform.kz.

- Сенат тағайындаған Конституциялық сот судьясы Ерлан Сәрсембаев жуырда Президент Жарлығымен Әділет министрі лауазымына тағайындалды. «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңға және Сенаттың регламентіне сәйкес, Конституциялық сот судьясының өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы қабылдауымыз қажет, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жалпы отырыста депутаттар аталған қаулыны қабылдауға дауыс берді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды.
Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев 1975 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Октябрь ауылында дүниеге келген.
1997 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Радиоинженер» мамандығы бойынша, ал 2000 жылы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірген.
2002 жылдан 2005 жылға дейін Премьер-министр кеңсесінің қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
2005 жылдан 2011 жылға дейін Сенат аппаратында жұмыс істеді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
2011 жылдан 2016 жылға дейін Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарды. Онда ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Заң департаменті бастығының орынбасары және бастығы лауазымдарын атқарды.
2016-2017 жылдар аралығында Парламент Сенатының аппаратына қайта ауысып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Сенат аппараты басшысының орынбасары болды.
2019-2022 жылдары Сенат аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлімді басқарды.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық соттың судьясы болып жұмыс істеді.