Бүгінде педагог-психологтар, дефектологтар, логопедтер мен тәрбиешілер аттестациядан тыс қалып отыр.
фото: пресс-служба сената парламента Казахстана
ERNUR.KZ. Сенатор Бибігүл Аққожина әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтардың жалақысын көтеруді талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Бүгінде педагог-психологтар, дефектологтар, логопедтер мен тәрбиешілер аттестациядан тыс қалып отыр. Соның салдарынан көбісі әлеуметтік қорғау саласынан кетіп, аттестациясы бар жерде жұмыс істеуге тырысады. Себебі жоғары жалақы алуға мүмкіндік бар.
"Мәселен, білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог-психолог ай сайын 247 мың теңге, ал дефектологтар 296 мың теңге алады. Әлеуметтік қорғау саласында еңбек ететін тура сондай мамандардың жалақысы әлдеқайда төмен, педагог-психологтар 187 мың теңге алса, тәбиешілер, логопедтер мен дефектологтардың жалақысы 233 мың теңгеден аспайды", - деді Аққожина сенаттың бүгінгі отырысында.
Ал әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істеу үшін үлкен шыдамдылық пен күш-жігер қажет. Себебі ерекше қажеттілігі бар әрбір балаға ерекше көңіл бөлінуі шарт.
"Сондықтан осы саладағы мамандарға аттестациядан өтуге мүмкіндік беру керек. Соның нәтижесінде олардың кәсіби деңгейін бағалап қана қоймай, жалақысын да көтеруге болады. Бұның барлығы ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту мен әлеуметтік қолдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті сенатор.
Жоғары палата өкілдері үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, тиісті заңнамаға өзгеріс енгізуді сұрады.