Серікбай Трұмов Сенат депутаты қызметіне тағайындалды

0
622

7 қыркүйекте Президент Серікбай Трұмовты Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын.


Серікбай Трұмов Сенат депутаты қызметіне тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Серікбай Трұмов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

"Мемлекет басшысының жарлығы бойынша Серікбай Өтелгенұлы Трұмов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте Президент Серікбай Трұмовты Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатқан. Бұрынғы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған болатын.

Серікбай Трұмов 1964 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын "инженер-құрылысшы" мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары трест бетоншысы, оқу-өндірістік комбинаттың оқытушысы, сондай-ақ жетекші инженер болып жұмыс істеген.

2004-2006 жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі болды.

2006-2008 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2008 жылдың қарашасынан 2012 жылдың ақпанына дейін Түпқараған ауданының әкімі болды.

2012-2015 жылдары Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарған.

2015-2017 жылдары Ақтау қаласының әкімі болды.

Маңғыстау облысының әкімі қызметін 2019 жылдың маусым айынан бастап атқарған.