Шахтадағы апат: Қаза болған кеншілер құтқару құрылғысын қосып та үлгермеген

0
388

Жарылыстың күштілігінен апат орнынан бір шақырым жерде жұмыс істеген тағы төрт кенші газдан уланып түрлі дене жарақат алған.


Шахтадағы апат: Қаза болған кеншілер құтқару құрылғысын қосып та үлгермеген

иллюстрациялық фото

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада болған жарылыс себептерін анықтайтын комиссия бүгіннен бастап іске кіріседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазір апат орнында құтқару және шахта ішін желдету жұмысы жүргізіліп жатыр. Кеше түнде шахтада метан газы жарылысынан бес адам қаза тапты.

Екі адамның денесі тіпті адам танымайтындай күйіп кеткен. Жарылыстың күштілігінен апат орнынан бір шақырым жерде жұмыс істеген тағы төрт кенші газдан уланып түрлі дене жарақат алған. Қазір дәрігерлер оларды отаға дайындап жатыр. Метан газы күрт жайылған учаскеде төрт кенші жұмыс істеп жүрген. Бесіншісі – участок бастығы, ол сол мезетте оларды тексеруге келе қалып, ақыры бес адам жан тапсырды. Олардың арасындағы ең жасы 26 жастағы Марғұлан Ынтыбеков аталған шахтаға жұмысқа орналасқанына екі-ақ ай болған.

Еңбек өтілі 8-21 жылға дейінгі қаза болған кеншілер: 42 жастағы Андрей Санжаров. 38 жастағы Денис Инкин, 32 жастағы Дмитрий Бойченко және Арман Қашкей 29 жасында марқұм болды. Апат түнгі сағат үштен үш минут кеткенде болған. Кеншілер жерасты газдары шығатын ұңғыма жасап жүрген. Қас пен көздің арасында газдың лап беруінен учаскедегілердің бәрі құлаған. Өзін-өзі құтқару құрылғыларын да қосып үлгермепті.

"Бұлардың екі орындары болған. Жұмыс істеп жатқан. Бір орында екі адам істеген, жоғарыға қарай тағы да екі адам істеген. Бесінші адам, мастер, маршрутпен жүреді. Сол кезде келген ғой, сол жерге. Барлығы бес адам мерт болған. Бәрін қырға алып шығып, құзырлы органдарға тапсырдық", - дейді «ПВ АСС» әскерилендірілген құтқару қызметінің командирі Жұмат Өкенов.

Апат кезінде шахтадан қашып шықандардың арасынан төрт адам түрлі жарақат алған. Екеуі бас сүйегін зақымдаса, біреуі қолын, тағы бірі қабырғасын сындырыпты. Бәрі де газдан уланған. Олар Қарағандыдағы көпбейінді ауруханаға шұғыл жеткізілді.

"Бас сүйегінің ашық жарақатын алған екі адамды отаға дайындап жатырмыз. Кешке дейін денесінің түрлі жарақат алған тағы екі адамды отаға кіргіземіз. Жағдайлары тұрақты ауыр. Бірақ есін жиған", - дейді Қарағанды облысы көпбейінді аурухана директорының орынбасары Талғат Жүкен.

Аталған бригада 830 метр тереңдікте көмір пластын қазуға дайындық жүргізген. Яғни жаңа аумақты газдан тазартуға ұңғымалар жасаған. Төтенше жағдай министрінің мәліметінше, апат орнындағы метан газының концентрациясы бес пайызды құраған. Ереже бойынша 4-тен 10 пайызға дейінгі көрсеткіш газдың жарылуға жақын қалғаны деп саналады. Арнайы комиссияның жұмысында осынай мәлімет назарға алынады.

"Апат ошағындағы өрт сөндірілді. Қазір шахтада әлі түтін бар. Желдету жұмысы жүргізіледі. Түтін толық кеткен соң, сарапшылар тобы құтқару қызметінің жол көрсетуімен апат орнына түсетін боламыз. Апаттың себебін анықтау сол кезде басталады", - дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының мәліметінше, қаза болған кеншілерге материалдық көмек қарастырылған. Олардың әрқайсысына бір пәтерден алынып, 10 жылдық жалақысы төленеді. Қарызы мен несиесі жабылады. Марқұмдарды жерлеу рәсімін де көтереміз деп отыр. Жалпы 1964 жылдан бері жұмыс істейтін Ленин атындағы шахтада осыған дейін жеті рет метан газы жарылып, 66 адам қаза болды. Оның ең ірісі – 2006 жылғы апатта бірден 41 кенші жер астынан шыға алмай қалған.