Шарындағы қайғылы оқиғаға кінәлі 8 жылға дейін сотталуы мүмкін

0
597

Қазір Шарын шатқалындағы экскурсияға барған адамдардан жауап алынып жатыр.


Шарындағы қайғылы оқиғаға кінәлі 8 жылға дейін сотталуы мүмкін

Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция қазір екі бап бойынша тергеу бастады. Экскурсия кезінде екі адамның қаза табуына себепкер анықталса, 4 -тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

"Қазір аталмыш фактімен ҚК 306-бап, 3-бөлігі, яғни "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету" және 141-бап, 2-бөлігі, яғни "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамау" бабымен қылмыстық істер қозғалды. Алматы облысы тергеу департаментінің тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қазір Шарын шатқалындағы экскурсияға барған адамдардан жауап алынып жатыр. Олардың қатарында №199 мамандандырылған гимназияның мұғалімдері мен ата-аналары бар. 5 «Ә» сыныбындағы барлық оқушылардың ата-анасы «Шарынға барайық» деген бастаманы өзіміз көтердік деп отыр. Олар бірауыздан демалысты ұйымдастыруға мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің қатысы жоқ дейді.

Өткен сенбіде Шарын шатқалында қатты сел жүріп, табиғи апаттан №199 мамандандырылған гимназияның 26 жастағы мұғалімі мен 5-сынып оқушысы көз жұмған. Сел салдарынан марқұмдардан бөлек бас-аяғы 14 адам зардап шекті. Лай су ағызып әкеткен бір жеткіншекті құтқарушылар бір тәуліктен кейін тапты. Түрлі жарақат алған үш оқушы ауруханада емделіп жатыр.

"Туркомпания жалдадық. Автобус және гид жалдадық. Біз бірінші рет шығып тұрған жоқпыз. Музейге, коньки тебуге барған мұғалімдер мен оқушылар. Жыл соңында бір жерге барайық деген ұсыныс болды. Сосын ата-аналар комитеті өз ұстанымын айтты. Біз қолдап, бардық. Мұғалімдерді бірге барсын деп біз шақырдық", - дейді оқушының анасы Динара Демеубаева.