Шекарадағы сым қоршау арқылы: Серік Күдебаевтың елден қалай қашқаны белгілі болды

0
575

Кеше экс-генерал Серік Күдебаевқа осы қылмысы үшін сот үкімі шықты.


Шекарадағы сым қоршау арқылы: Серік Күдебаевтың елден қалай қашқаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Экс-генерал Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс қаралған Алматы облысы Кеген аудандық соты оның елден қалай және қашан қашып кеткені туралы тың деректерді жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Айыпталушы Серік Күдебаев биыл 15 наурызда шамамен сағат 4:30-да қылмыстық жоспарға сәйкес, Кеген ауданындағы тікенді сымнан жасалған шекара қоршауын көтеріп, өткізу пунктінен тыс аумақ арқылы Қазақстан-Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Осылайша, К. Манас әуежайы арқылы Түркияға ұшып, жазадан жалтармақ болды. Ұсталғаннан кейін ол Қазақстанға экстрадицияланды», - делінген Алматы облысы Кеген аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, кеше экс-генерал Серік Күдебаевқа осы қылмысы үшін сот үкімі шықты.

Бұған дейін сотталушы процестік келісім жасағысы келетінін айтып өтініш білдірген.

Естеріңізге сала кетейік, Серік Күдебаев 28 сәуір күні 10 жылға сотталған болатын.

Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша айып тағылды.

Ол биылғы 30 наурыз күнгі сот отырысына келмеді. Сондықтан оны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шықты.

Артынша генералдың елден қашып кеткені белгілі болып, Талдықорған қалалық соты Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялады.

27 сәуірде Серік Күдебаев Түркияда ұсталып, елге жеткізілді.

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді.