​Шерзат отбасының үйіндегі өртке қатысты тергеу қайта жанданды

0
194

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті.


​Шерзат отбасының үйіндегі өртке қатысты тергеу қайта жанданды

Фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Алматы облысының прокуратурасы 2024 жылдың күзінде болған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарының қай сатыда екенін түсіндірді, деп жазады inform.kz.

Былтыр Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев істің мән-жайын жан-жақты анықтау үшін Ресей Федерациясынан спутник суреттері келуі тиіс екенін, тергеудің соған байланысты кідіргенін түсіндірген болатын. Кейін 2025 жылдың тамыз айында аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының тоқтатылғаны белгілі болды.

Аяғына жеткізілмеген іске байланысты агенттік тағы да сауал жолдап, Алматы облысының прокуратурасына жүгінді.
— Қ.Нұрымовтың үйінде болған өрт дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында қазіргі уақытта тергеу органы қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Олардың нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады. Аталған қылмыстық іске қатысты өзге де мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды, — делінген облыс прокуроры Берік Адамовтың жауабында.
Сонымен қатар қадағалау органы спутниктік деректердің алынған-алынбағанын және бұл іс бойынша күдіктілердің анықталуын нақтылаған жоқ.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды. Іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады
2025 жылы 5 маусымда сот үкімімен жасөпірімнің өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды. Ал тамыз айында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Былтыр Шерзат Полаттың отбасы демеушілердің көмегімен жаңа баспанаға көшеді.