Шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтар ұсталды

0
546

Мемлекетке келген шығын шамамен 500 млн теңгені құраған.


Шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтар ұсталды

ERNUR.KZ. ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топтардың жолын кесу және оларды ұстау бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді, деп жазады Inbusiness.kz.

Мәселен, Ақмола облысында тіркеуге заңсыз қойылған жүк автокөліктері анықталды.

Өткен жылдың ақпан айынан биылғы жылдың сәуір айына дейін қылмыстық топ алғашқы мемлекеттік тіркеу алымын төлегені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, 62 жүк автомашинасын қазақстандық есепке қойған.

Әрбір жүк автомашинасын алғашқы мемлекеттік тіркегені үшін ресми төлем шамамен 7-8 млн теңге болуы тиіс еді.

Алдын ала дерек бойынша мемлекетке келген шығын шамамен 500 млн теңгені құраған.

Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері тағы бір қылмыстық топты анықтады.

Күдіктілер Қазақстанға Оңтүстік Кореядан жеткізілген жеңіл автокөліктерді заңсыз тіркеген.

Сондай-ақ жалған құжат бойынша тіркелген 250 автокөлік анықталды, олар бойынша мемлекетке келген шығын - 340 млн теңгеден астам.

Бұл жағдайда қылмыстық топ көлік құралдарына жалған құжат жасаған, олар шығарылған жылын 2018-2020 жылдар деп өзгерткен, алғашқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген соманы төлемеген.

Астана қаласында қылмыстық топ автокөліктерді автобөлшектер түрінде жеткізуді ұйымдастырған және олардың шанағын ауыстыру туралы жалған құжаттар арқылы қазақстандық есепке қойған.

– Күдіктілер ұсталып, кінәларын мойындады. Сонымен қатар олардан заттай дәлелдемелер мен жалған құжаттар тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.