Шетелге бала алып шығатын азаматтарды бақылау күшейеді

0
888

Ендігі заң бойынша біреудің баласын шетелге алып шығып бара жатқан адамның қандай мақсатпен кетіп бара жатқанына қарайтын болады.


Шетелге бала алып шығатын азаматтарды бақылау күшейеді

ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов адам саудасымен күресті күшейту үшін арнайы заң қабылданып, кәмелетке толмаған балаларды шетелге алып шығатын адамдарды бақылау қатаңдайтынын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі заңнамада онсыз да бөгде адам кәмелетке толмаған баланы ата-анасының сенімхатынсыз шетелге алып шыға алмайды. Ендігі заң бойынша біреудің баласын шетелге алып шығып бара жатқан адамның қандай мақсатпен кетіп бара жатқанына қарайтын боламыз. Кейде қолдан жасаған құжат бойынша немесе халықаралық шараға апара жатырмын деген жалған желеумен баланы шетелге алып шығатын жайттар кездеседі. Кейін ондай баланы елге қайтару біз үшін қиынға соғады. Өйткені шатасу болады дегендей. Міне осы жерде адам саудасының құрбандары болуы мүмкін», - деді министрі Астанада өтіп жатқан құқықтық форумның кулуарында.

Сондай-ақ, ол адам саудасына қарсы күресті үйлестіретін уәкілетті орган анықталмайынша жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес екенін атап өтті.

«Болашақ құрбанның басындағы қиындықты немесе оның осал тұсын пайдаланып, алдау арқылы сыртқа алып шығады. Осы жерде біз сақтық танытуымыз керек. Яғни, біз баланы алып шығып бара жатқан адамның кім екенін, қайда және қанша мерзімге кетіп бара жатқандарын, сапар мақсатын анықтауымыз керек. Яғни алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Осы қызметтің бәрін үйлестіретін орган керек», - деді Марат Ахметжанов.