Фото: pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемендегі экологиялық жағдайдың күрделі күйде екенін түсіндірді. Айтуынша, жұртшылық айтып жүрген кәсіпорындарды көшіру бұл мәселені шешпейді, деп жазады Stan.kz.
Үкімет отырысында премьер - министр Олжас Бектенов ШҚО әкімінен Өскемендегі ауаның ластану проблемасын шешу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрады.
Ермек Көшербаев Өскемендегі экологиялық жағдайға климаттық және антропогендік факторлар әсер ететінін жеткізді. Айтуынша, қаланың тау шұңқырында орналасуы мен екі өзеннен пайда болатын тұман әсер етуде.
"Қаншалықты аяз болса да бұл өзендер қатпай тұр. Сәйкесінше, температураның өзгеруіне байланысты тұман пайда болады. Сондай-ақ, бір жыл ішінде шамамен 180 күн желдің болмауы да себеп. Оның ішінде 100 күні қолайсыз метеорологиялық жағдайларға жатады. Бүгінгі таңда қалада 10 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, ауаның ластануына автокөлік пен жеке үйлерден шыққан түтін ықпал етеді. Біздің климатымызға байланысты жылыту маусымы жылына 365 күннің 200-күнге жуығын құрайды", - деді Ермек Көшербаев.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Өскеменде ауаны ластайтын 49 мың тоннаға жуық қалдық шығарылады. Ең үлкен үлес өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ЖЭО-ға тиесілі.
"Біз бүкіл қала айналасына бассейн жүйесі орнатылатыны туралы шешім қабылдадық. Белгілі бір уақыт ішінде нақты динамика мен бізде не болып жатқандығы туралы мәліметтер аламыз. Қазіргі уақытта климатқа әсер ете алмаймыз және кәсіпорындардың тарихи орындарын да ауыстыра алмаймыз. Кейбір адамдар кәсіпорындарды тоқтату керек дейді. Бірақ бұл популизм екені түсінікті", – деді өңір әкімі.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, кәсіпорындар шығарындылардың азаюына жол бермеу үшін заманауи бақылау жүйелерін орнатуды жалғастыруы керек.