Күдіктілер ұстау изоляторына қамалды.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында белгісіз азаматтар 70 жастағы зейнеткерді ақша үшін соққыға жығып, тонап кеткен, деп жазады Altaynews.kz.
Риддер полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қалалық аурухана медбикесінен Риддер қаласының 70 жастағы тұрғыны дене жарақаттарымен травматология бөліміне жүгінгені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына тез арада жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің айтуына қарағанда,14 қаңтар күні шамамен кешкі 22:00 уақытында,оның үйіне бетперде киген белгісіз екі ер адам кіріп, денесіне зақым келтіріп, содан кейін 7000 теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткендігін жеткізді.
-Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері,ШҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 33 және 44 жастағы күдіктілерді ұстады. Қылмыскерлер өз кінәсін мойындады, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Қылмыскерлер Риддер қаласының ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлімі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.