ШҚО-да ер адам экс-әйеліне пышақпен шабуыл жасап, құлағының жартысын кесіп алған

0
255

Әйел адамның айтуынша, экс-күйеуі жұмыс арасындағы үзіліс кезінде пышақпен тап берген.


ШҚО-да ер адам экс-әйеліне пышақпен шабуыл жасап, құлағының жартысын кесіп алған

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауылында ер адам қолына пышақ ұстаған күйде алты баласының анасы – экс-әйеліне шабуыл жасады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оған жұмыс арасындағы үзіліс кезінде пышақпен тап берген. Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, құлағының бір бөлігінен айырылған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

Әйелдің сөзінше, бұрынғы күйеуі оны бұған дейін де бірнеше рет қорқытқан. Сол себепті өз өміріне алаңдаған ол полицияға бірнеше мәрте жүгінген. Шабуылға дейін ол әлеуметтік желілерде көмек сұрап, өзінің және кәмелетке толмаған алты баласының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, бірнеше бейнеүндеу жариялаған. Оқиғадан кейін ол полицияның әрекетсіздігі қайғылы жағдайға шақ қалғанын мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті оқиғаға қатысты мән-жайды хабарлады.

«25 шілде күні полицияға Самар ауылының тұрғынына пышақ жарақаты салынғаны туралы хабарлама түсті. Осы факті бойынша күдіктіні ұстау үшін жедел шаралар қабылданды. Сол күні жәбірленушінің бұрынғы күйеуі, 51 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жәбірленушімен кез келген байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұған дейін жәбірленушінің арыздары негізінде ер адам бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ол ата-ана құқығынан айырылған», – деп хабарлады ШҚО ПД.

Полиция қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын, тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.