ШҚО-ның Ресеймен шекаралас аудандарында карантиндік шектеулер күшейтілді

0
644

Көрші елдің азаматтары тек қана ПТР тестінің теріс нәтижесімен біздің елге өте алады.


ШҚО-ның Ресеймен шекаралас аудандарында карантиндік шектеулер күшейтілді

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аудандарында да карантиндік шектеулер күшейтілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шемонаиха ауданындағы Уба бақылау өткізу бекеттерінде көрші елдің азаматтары тек қана ПТР тестінің теріс нәтижесімен біздің елге өте алады. Ал тұрғылықты жеріне оралған қазақстандықтардың дене қызуы тексеріліп, ПТР талдаудың нәтижелері шыққанша Выдриха ауылындағы арнайы мекемеде болады. Бұл жерде қазір 250 адамға орын дайындалған. Жалпы ауданда жұқпалы дертті емдеу үшін 180 төсек бар. Орталық аудандық ауруханада орталықтандырылған оттегі станциясы іске қосылып, жаңа құрал-жабдықтар алынып жатыр. Соның бірі – жылжымалы медициналық кешен. Енді шалғай ауылдың тұрғындары да уақтылы дәрігерлік тексеруден өте алады. Сақтық шараларының сақталуын тексеретін мониторингтік топтар да белсенді жұмыс істеп жатыр.


- Қазір біздегі науқастар төсек қорының 22%-ін ғана алып жатыр. Дәрі-дәрмек қоры екі айға жетеді. Дәрігерлеріміз жеке қорғану костюмдерімен де толық қамтылған. Ауданда 17 мобильдік бригада жұмыс істейді, олардың әрқайсысы әкімдік тарапынан көлікпен қамтылып отыр. Яғни халыққа дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіледі, - дейді Шемонаиха орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің м. а. Михаил Бугайцов.