ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер санының артуынан еш қауіп жоқ

0
2 297

Шанхай рухы» негізіндегі ынтымақтастықты дамыту өзара сенімді арттыра түседі. Біріге отырып дамуға ұмтылу ортақ күнтәртіпте тұрған, тіпті, ең күрделі мәселердің де шешімін табуға мүмкіндік береді.


ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер санының артуынан еш қауіп жоқ

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер санының артуынан еш қауіп жоқ. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы форумының ХІІІ отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ШЫҰ жалпы танылған және беделді жан-жақты бірлестік ретінде құрылды. Еуразиялық кеңістікте ШЫҰ қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты тетіктерінің бірі саналады. Ұйым жұмыс істеп тұрған жылдардың ішінде Шанхай диалогына қатысушылар өзекті сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың тиісті алаңын құра алды», - деді ол.

Сонымен қатар ол ШЫҰ қызметіндегі экономикалық бағыт та табысты дамып келе жатқандығын атап өтті. Мәдени-гуманитарлық саламен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың да нығая түсуі ШЫҰ мемлекеттері мен олардың халықтарының өзара іс-қимылының үлкен әлеуетін ашатындығын айтты.

«Шанхай ұйымының даму тарихында Үндістан мен Пәкістан біздің ұйымымыздың толыққанды мүшесі болып қабылданған Астана саммитінің тарихи мәнін баса атап өткен жөн. ШЫҰ-ның алғаш рет кеңею үрдісі ұйымның ынтымақтастығын тереңдетіп, әлеуетін арттыру үшін маңызды серпін болды. «Қатысушылар санының артуы ШЫҰ-дағы келісімге келу және шешімдер қабылдау үрдісін қиындатады» деп жиі айтылатын қауіптер объективті сипатқа ие және бұл тәуекелдерді ескеруіміз қажет», - деді Е.Салтыбаев.

Институт директорының атап өтуінше, «шанхай рухы» негізіндегі ынтымақтастықты дамыту өзара сенімді арттыра түседі. «Біріге отырып дамуға ұмтылу ортақ күнтәртіпте тұрған, тіпті, ең күрделі мәселердің де шешімін табуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін институт басшысы. Форум жұмысына Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь және Орталық Азия мемлекеттерінен келген делегаттар қатысуда. Айта кетерлігі, осы жылдың маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.