Шығыс Қазақстанда жұмысы тоқтаған медициналық маска зауыты аукционға қойылды

0
622

Инвесторға қойылған талап қатаң.


Шығыс Қазақстанда жұмысы тоқтаған медициналық маска зауыты аукционға қойылды

ERNUR.KZ. Бір кезде елімізде респираторлар мен өнеркәсіптік сүзгілер шығарған жалғыз зауыт бүгінде жұмысын тоқтатқан. Зауыт мекемесінің де тозығы жеткен. Бірақ билік оны қайта жандандыруды ойлайды. Алайда бюджет ақшасына емес, сенімгерлік басқаруға беру арқылы екінші өмір сыйламақшы. Бұған, әрине, өте мол қаражат керек, деп жазады inbusiness.kz.

Серебрянск бейорганикалық зауыты Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласында орналасқан. Онда мыңдаған адам жұмыс істеген. Бірақ осыдан 12 жыл бұрын банкке берешегін төлей алмай, жұмысын толық тоқтатқан. Осылайша мекеме Проблемалық несиелер қорының иелігіне өтті. Мемлекет оны жалға беруге тырысқанымен бәрі бекер болды.

Сондықтан амалсыз әкімдікке қарасты "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының иелігіне өткізілді. Бұдан да еш нәтиже болмады.

Ақыр аяғы, міне, нысан аукционға шығарылды. Нақты айтқанда, алдымен үш жыл сенімгерлік басқаруға бермекші. Болашақ иесі толық сатып алуға да құқылы болады.

Аукционның бастапқы бағасы – 390 млн теңге.

Аукион беруші мекеме – Шығыс Қазақстанның қаржы басқармасы. Олардың талаптары көп-ақ. Атап айтқанда, объектіге тексеру жүргізу, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және жабдықтар сатып алу керек. Кемінде 1500 шаршы метр орында терезелерді ауыстыру немесе жөндеу қажет. Жылыту, жарықтандыру, сумен жабдықтау, желдету, дренаж, кәріз, өндірістік және кеңсе бөлмелерін косметикалық жөндеу де қажет. Шатырды күрделі жөндеуден өткізбей, қоршауды қалпына келтірмей болмайды. Сонымен бірге зауыттың негізгі өнімі – медициналық маска, респираторлар шығаруға жабдықтар да алу қажет.

Талап бойынша, инвестор 200 млн теңге шамасында қаражат салуға, Серебрянск қаласынан кемінде 42 адамды жұмыспен қамтуға тиіс.

Айта кетейік, сауда-саттық 30 наурызда өтеді деп жоспарланған.