Шылым шегу коронавирус жұқтырып алу қаупін арттырады – Елжан Біртанов

0
853

SARS-CoV-2 вирусы тудырған COVID-19 коронавирус инфекциясының әлемде кең тарап жатқанына байланысты темекі шегудің зияны мен тіпті кейбір дәлелденбеген пайдасы туралы да пікірталастар өршіп тұр.


Шылым шегу коронавирус жұқтырып алу қаупін арттырады – Елжан Біртанов

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің Facebook парақшасында электронды темекі шегетіндерде коронавирус пневмониясы ауыр жағдайда өтетіні және өлім қаупі жоғары болатынын беделді ғылыми басылымдарға сілтеме жасап жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

SARS-CoV-2 вирусы тудырған COVID-19 коронавирус инфекциясының әлемде кең тарап жатқанына байланысты темекі шегудің зияны мен тіпті кейбір дәлелденбеген пайдасы туралы да пікірталастар өршіп тұр.

Ғылыми дерек пен сарапшылардың пікіріне назар салып көрейік.

Британ Медициналық журналының (BMJ) сарапшылары қарапайым және электронды шылым шегетіндерге қаншалықты қауіп төніп тұрғаны туралы пікірмен бөлісті.

COVID-19 науқастың тыныс алу жолдарын қиындататын ауру. Ғылыми деректердің көпшілігі вирустың ағзаға еніп, бөлінуі дәл осы тыныс алу жолдарында болатынын айтады. Індетті жұқтырып алу, оның күрделі болуы және өлімге әкеп соғуына шылым шегудің қандай әсері бар екені әлі толық зерттелмеген, себебі мұндай зерттеу жүргізу ұзақ уақытты алады. Дегенмен, 2009 жылы осыған ұқсас респираторлық-синцитиальді (жасушалы) вирусты зерттеу кезінде темекі түтіні инфекцияның берілу жылдамдығын арттыратынын және тыныс жолдары вирустық инфекциясының қиындық тудыратынын дәлелдеді.

Кейбір ғылыми зерттеулер COVID-19 жұқтырғандар арасында шылым шегу өлім қаупін жоғарылатып, қарқынды терапия немесе өкпені жасанды желдетуді қажет ететінін айтады. Індетпен алғаш боп күрескен қытайлық медицина қызметкерлері зерттеулерінде COVID-19 індетіне шалдыққан темекі шегетін адамдардың 12,4%-ы қайтыс болғанын немесе қарқынды терапия немесе өкпеге жасанды желдетуді қажет еткенін, ал мүлдем шылым шекпеген адамдардың 4,7%-ы ғана өмірден өткенін көрсетті.

Одан бөлек, адам қолымен ұстап тұрған темекіні ерніне жиі тигізуі вирус жұқтыру қаупін жоғарылатады.

CBC News америкалық сарапшылардың пікірін ұсынып, шылым шегу барлық жағдайда өкпенің қызметін нашарлататынын айтты. Ал өкпе жұмысына қауіп төндіретін әрекеттің барлығы коронавирус немесе басқа да вирустарды жұқтырып алу қаупін арттырады. Шылым шегу ағзаның инфекциямен күресуге қабілетін төмендететіні факт.