Курорт әкімшілігі мұның себебін түсіндірді.
ERNUR.KZ. Шымбұлақ тау-шаңғы курортына баратын билет 1 900 теңгеге қымбаттады. Ересектер демалыс күндері аспалы жолмен тауға шығып-түсу үшін бұрынғыдай 9 500 теңге емес, 11 400 теңге төлеуі тиіс. Бұл жайтқа демалушылар әрине, наразылығын білдіріп жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Баға жиі өседі. Тек курортта емес, елде қымбатшылық барлық салада бар. Егер жұмысшылардың жалақысы артып жатса түсінер едік, не ол жоқ. Енді міне, Шымбұлаққа келу үшін артық ақша төлейтін болдық», - деп ренішін білдірді Мыңтұрған Данабеков есімді тұрғын.
Шымбұлақта зейнеткерлер, мүгедектер мен студенттер үшін жеңілдіктер болғанымен, ол сенбі-жексенбі күндері жарамсыз. Билетті ойнлайн сатып алушыларға баға арзанырақ. 11 мен 23 жас аралығындағы жастар кассаға 5300 теңге төлесе, интернет арқылы 4505 теңге төлейді. Сенбі-жексенбі күндері 5 жастан асқан балаға кассадағы билет құны – 4800 теңге, интернетте – 4080 теңге. Шаңғыны жалға алудың құны бұған қосылмайды.
«Билет бағасының қымбаттағанын қаламасақ та, жағдайды түсінеміз. Қазір бәрі қымбаттады. Пандемияға байланысты келушілердің саны азайды. Шаңғы тебу маусымы басталған соң бағаны да көтерді деп ойлаймын. Өзім студентпін. Студенттерге жеңілдік тек жұмыс күндері ғана жарамды. Жеңілдікті демалыс күндері де қарастыруды сұраймыз», - дейді Мақпал есімді студент.
Абонементтің қымбаттауы 28 қарашадан бастап күшіне енеді. Тау-шаңғы курортының әкімшілігі қызмет құнының көтерілу себебін кассадағы билеттердің сатылымын азайтумен байланыстырды.
«Біз абонементтер мен билеттердің бағаларын өзгерттік. Түсіндірсек, бұл біздің қыңырлығымыз емес, мәжбүрлі қажеттілік. Демалыс орнына келушілерді 30% дейін төмендету міндеті тұр. Адамдардың көп жиналуын шектеу және демалушыларды коронавирус инфекциясынан сақтауымыз керек. Қағаз ақша инфекцияны тасушылардың бірі саналғандықтан, біз демалушыларға билетті онлайн режимде сатып алуға кеңес береміз. Онлайн сатылымды 85% дейін көтеру жоспарланған. Жаңа тариф қолданысқа кіргенге дейін кассадағы билет бағасы ересектер үшін 7200 теңге, интернетте 6120 теңге, яғни 15 пайыздық жеңілдік бар», - деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының коммерциялық директоры Владислав Семенов.
Оның айтуынша, курорт бір күнде тоғыз мың адамға дейін қабылдай алады. Пандемияға байланысты адам санын 2 мыңнан асырмау міндеттелген. Медеу мен Шымбұлақ 30 қарашаға дейін тестілік режимде жұмыс істейді. Егер барлық санитарлық талап сақталса, жұмыс режимі ұзаруы мүмкін. Соңғы рет Шымбұлаққа шығып-түсудің құны 2016 жылы 9500 теңгеге қымбаттаған болатын. Ол кезде алматылықтар шаңғы курортына баруға бойкот жариялаған еді.