ШЫҰ мүше-мемлекеттері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары кездесті

0
658

​ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының келесі кездесуі Үндістанда өтеді.


ШЫҰ мүше-мемлекеттері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары кездесті

ERNUR.KZ. Ташкентте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он жетінші кездесуі өтті. Оған Қазақстан президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты, деп жазады sputnik.kz.

Шара барысында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалға байланысты көптеген мәселе талқыланды.
Тараптар терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Ауғанстандағы ахуалды тезірек реттеу – ШЫҰ аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың негізгі факторларының бірі екені аталып өтті. Тараптар бұл елдің тәуелсіз, біртұтас, демократиялық, бейбіт және терроризмнен, соғыстан, есірткіден ада мемлекет ретінде қалыптасуын қолдады.
Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ШЫҰ қызметінің маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді және еліміздің мүдделерін ескере отырып, Ұйымның одан әрі үйлесімді дамуы жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
Нұрдаулетов БҰҰ мақұлдаған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша Алматыда БҰҰ Орталығын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын бірлескен қолдаудың ерекше өзектілігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар тиісті хаттамаға қол қойды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының келесі кездесуін Үндістан Республикасында өткізу жөнінде шешім қабылданды.