"Сіздер білмейтін жағдай бар": Ерлан Қарин қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде интернеттің неге істемегенін айтты

0
544

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин "Қаңтар қырғыны" кезінде елімізде жаппай интернеттің неге істемегенін түсіндірді.


ERNUR.KZ. Ол болған оқиғалардың қандай ретпен өрбігенін "Қазақстан" Ұлттық арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады stan.kz.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, 4-қаңтар күні Батыста басталған бейбіт митинг бөлек қаралып жатыр. Ол ешқандай қақтығыссыз алаңға шығып, талаптарын қойған азаматтардың жазаланбайтынын айтты.

Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы "Қаңтар қырғыны" кезінде еліміз бойынша неліктен жаппай интернет істен шыққанын түсіндірді.

"Сіздер білмейтін тағы бір жағдай бар. Осы оқиғалар орын алған кезде, сыртта үлкен ірі халықаралық террористік топтардағы қазақстандық радикалды тұлғалар арнайы видео-үндеулерін дайындап, елдегі өзінің жақтаушыларына таратпақ әрекеті болды. Ол дереу бұғатталды. Бір жағынан, сол үшін де ғаламтор өшірілді. Егер де ол видео-үндеулер олар ойлағандай, сол күндері тараған кезде, біздегі түрлі радикалды белгілі бір топтар жоспарланған шабуылға көшетін еді. Мұндай қауіп-қатерді елемеуге болмайды", - деген Қарин 2016 жылы Ақтөбеде болған террористік актіні еске салды.

Айтуынша, елді дүрліктірген сол оқиғаны небәрі 20-25 адам ұйымдастырған. Оған WhatsApp арқылы келген аудио-үндеу себеп болыпты.

"Олар таңертең террористік акт жасаймыз деп келмеген. Олар араласып жүрген жігіттің туған күнін атап өту үшін пәтерге жиналған. Сосын сол топтың көсемі оларға телефон арқылы Сириядағы бір көсемдерінің үндеуін тыңдатады. Соны тыңдап алып, жиналған азаматтар бір сағаттың ішінде терактіге дайындалып шыққан. Бір ғана аудио осындай жағдайға әкеліп отыр.

Енді ойлап көріңіз, видео-үндеу тежелмесе, ол қандай салдарға әкеліп соқтырар еді? Сондықтан бұл оқиғалар өте қауіпті сценариймен, толқын-толқынымен жүзеге асты. Саяси экстремизмнің формасын көрдік. Себебі еліміздегі сот шешімімен тыйым салынған ұйым бар. Соның белсенділері өздерінің чаттарында нұсқауларын таратты. Ана ғимаратты, мына ғимаратты басып алу керек, деп адамдарды итермелеп отырады. Одан соң қылмыстық топтар шықты", - деп түсіндірді Ерлан Қарин.