СҚО-да әскер қатарына алынуы тиіс 600 жігіттің жүрген жері белгісіз

0
827

Көктемгі әскерге шақыру 1 наурыз басталды.


СҚО-да әскер қатарына алынуы тиіс 600 жігіттің жүрген жері белгісіз

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында биыл көктемде 500-ге жуық жігіт әскер қатарына алынбақ. Алайда бұл жоспар орындалмауы мүмкін, деп жазады inform.kz.

СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент өңірлік коммуникациялар қызметінде көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша ақпарат берді.

Көктемгі әскерге шақыру 1 наурыз басталды. Бүгінге дейін 13 жігіт Шығыс Қазақстан облысына азаматтық борышын атқаруға аттанып кетті.

«Жылда біздің жігіттер әскери қызмет өткеру үшін еліміздің барлық өңірлеріне жіберіледі. Қазіргі уақытта жоспарлы түрде әскери командаларды қалыптастыру және жіберу процесі жүріп жатыр. Осы жылдың 8 наурызында бір әскери команда құрылып, шекара қызметіне жіберілді. Маусымның біріне дейін 480 адамды аттандыруымыз керек», - дейді СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Марат Каримов.

Алайда өңір тиісті жоспарды орындай алмауы мүмкін. Қазіргі уақытта әскерге шақырылуы тиіс 600 жігіттің жүрген жері белгісіз. Мамандардың айтуынша, олардың басым бөлігі шетел асқан, бірі оқып жатса, енді бірі жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ, жастардың арасында көз аурулары көбейген. Бұл қазіргі гаджеттердің ағзаға кері әсері. Жігіттер медициналық комиссиядан жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша да өте алмайтын болған. Оған энергетикалық сусындарды көптеп пайдалану себеп.

Ал әскерге барудан жалтарғандарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Шақыру бойынша әскери комиссариатқа келмегендерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Медициналық комиссиядан себепсіз өтпесе ескерту алады немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Әскерге барудан негізсіз жалтарған жағдайда әскерге шақырылушы 1 000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе түзеу жұмыстарына жегіледі. Бұл да нәтиже бермеген жағдайда жалтарушы 1 жылға дейін нақты мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.