44 жастағы ер адам енді жарты жыл бойы отбасын көрмейді.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан полицейлері жоспарлы тексеріс барысында бірнеше жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келген әйелді анықтады. Ол өз құқығын қорғау үшін полицияға шағымдануға да қорыққан, деп жазады Аzattyq Ruhy.
Мамлют ауданындағы ауылдардың бірінде тәртіп сақшылары жақында басқа облыстан көшіп келген отбасын тексерді. Үйде үш баласымен 35 жастағы әйелі болған. Әйелдің денесінде азаптаудың белгілері айқын көрініп тұрған. Алғашында ол жарақаттарын сәтсіз құлаудың салдарынан болғанын айтуға тырысқан, бірақ полицейлермен сөйлесе келе, ол күйеуінің жұдырығынан жиі зардап шегетінін мойындады. Кезекті таяқтаулардың бірінде қол-аяғы сынған.
Күйеуінің үстінен полицияға арыз жазуға әйелдің батылы бармапты. Қазір ол балаларымен, ең кішісі алты айлық нәрестесімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының баспанасын паналауда. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 44 жастағы күйеуіне қарсы қорғау ұйғарымы шығарылды – келесі алты айда оған әйелімен кездесуге және оны қудалауға тыйым салынды. Сондай-ақ, ол кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Отбасы есепке қойылды.
«Біз осы шаралардың жеткілікті екеніне және ер адамның түзу жолға түсетініне сенімдіміз. Отбасы-тұрмыстық қатынас саласындағы жасырын мінез-құлық оларды алдын алуда қиындық туғызады. Әйелдер өз құқықтарын білмей, көбіне отбасындағы агрессормен татуласады. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмысына көп мән бөлуге тура келеді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының аға инспекторы полиция майоры Әсия Әбжанова.
25 қарашадан бастап СҚО полицейлері «Әйелдерге зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясына қатысуда. Іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар тартылды. Учаскелік полиция инспекторлары күнделікті өмірде құқықбұзушылық жасауға бейім адамдар мен тұрмысы төмен отбасыларды тұрғылықты жері бойынша қарқынды тексерулер жүргізуде.
СҚО-да жыл басынан отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 54 қылмыс жасалып, 1647 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 1908 қорғау ұйғарымы шығарылды, құқық бұзушының мінез-құлқына 431 ерекше талап белгіленді. Тұрмысы қолайсыз 265 отбасы есепте тұр. Профилактикалық жұмыс ұдайы негізде жүргізіледі.