Смартфон арқылы 30-ға тарта құжатты алуға болады

0
1 181

Тек мобильді телефон мен бір реттік СМС-хабарлама ғана керек.


Смартфон арқылы 30-ға тарта құжатты алуға болады

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар бұдан былай мекен-жай туралы анықтама мен неке туралы анықтама секілді бірқатар құжаттарды қолындағы смартфонымен-ақ ала алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай Фейсбуктегі парақшасында жария етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Мұрат Жұманбай әлеуметтік желіде бөліскен шағын видеода мемлекеттік қызметті алудың ыңғайлы түрі толық баяндалады. «Ең жиі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бір бөлігіне бұдан былай электронды-цифрлы қолтаңбасыз қол жеткізуге болады.

Мекен-жай туралы анықтама, архив анықтамасы мен неке туралы анықтаманы ендігі кезекте электронды-цифрлы қолтаңбасыз алуға жол ашылып отыр. Бұл үшін тек мобильді телефон мен бір реттік СМС-хабарлама ғана керек. Ол үшін не істеген жөн? Ең алдымен, egov.kz сайтына тіркелу қажет. Осыдан кейін телефон нөміріңізді ЖСН-ге (Жеке сәйкестендіру нөмірі) бекіту керек болады. Ол үшін өз ұялы телефоныңыздың нөмірін енгізіп, «тексеру коды» батырмасын басыңыз. Кодты алғаннан кейін сіздің телефоныңызда шыққан жазба орнына енгізіп, «тіркелу» батырмасына басыңыз. Сервис сізге отызға тарта қызметті көрсетеді», - делінген видеода.

ЖСН телефон нөміріне бекітілгеннен кейін жаңа сервиспен келесі рет бойынша жұмыс атқара аласыз. Яғни, Еgov.kz сайтынан белгілі бір құжатты алғыңыз келсе, өтінімді смартфон арқылы сайтқа еніп жазып жібересіз. «Сізден осы кезде тексеру кодын енгізу керектігі сұралады. Сіздің телефоныңызға тексеру коды СМС-хабарлама күйінде келеді. Оны сіздің телефоныңызда шыққан жазба орнына енгізу керек. Жүйе сіздің өтініміңізді қанағаттандырып, сізге электронды-цифрлы қолтаңбасыз қызмет көрсетеді», - делінген видеода.