Шығыс Қазақстан облысынан бастап Қызылорда облысына дейінгі аралықта жерасты дүмпуі жеті-тоғыз балға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар.
ERNUR.KZ. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков айтты, деп жазады sputnik.kz.
Ғалымның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан бастап Қызылорда облысына дейінгі аралықта жерасты дүмпуі жеті-тоғыз балға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар.
"Әсіресе, Алматы облысы бұл жағынан Орталық Азиядағы өте қауіпті аймақта орналасқан. Бұрын бұл жерде күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мәселен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады", - дейді Өзбеков.
Ол сейсмолог ғалымдар еліміздегі сейсмикалық қауіптілік бойынша аудандау, аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеп жатқанын атап өтті.
"Картада сейсмикалық қауіпті, сейсмикалық белсенді аймақтардың сейсмикалық әлеуетінің көрсеткіші де көрсетілген. Сонымен қатар басқа карталар да құрастырылған, оның ішінде елді мекендер үшін жасалған карталар бар. Мысалы, Алматы қаласы үшін сейсмикалық микроаймақтандыру картасы әзірленді", - дейді Нұрсарсен Өзбеков.
Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал, 2022 жылы 6900 рет жер сілкінді.
Көпшілік халық айқын сезінген жер сіліністері де болды. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында осындай 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. 2018 – 20, 2019 – 11, 2020 – 15, 2021 – 11, 2022 – 9.
"Күні кеше біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті балдық күшті жер сілкінісі болмайды. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайын қысқа мерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады деп болжап отырмыз", - дейді ғалым.