Құтқарушылар әлі Сорбұлақ су қоймасы аумағының жартысына жуығын тексеруі керек.
фото: тengrinews.kz / Болат Айтмолда
ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақты іздеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді, деп tengrinews.kz.
Оның айтуынша, құтқарушылар әлі Сорбұлақ су қоймасы аумағының жартысына жуығын тексеруі керек.
"Сорбұлақ аумағының шамамен 50 пайызын тексердік. Барлық іздеу жұмысы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен жүргізіліп жатыр. Біз өз күшіміз бен ресурстарымызды ұсындық. Іздеу жұмыстары таңнан күн батқанға дейін жалғасып жатыр. Сорбұлақтағы судың тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін жетеді. Түбі батпақ. Тіпті бір метр тереңдікте ештеңе көрінбейді", - деп түсіндірді ТЖМ өкілі.
Еске салайық, 25 шілдеде Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып кетті. 26 шілдеде тікұшақтың сынықтары Сорбұлақ көлінен табылды.