Халықаралық жарыстарға баратын спорттық делегацияларға жаңа талап енгізілді.
фото:sputnik.kz.
ERNUR.KZ. Қазақстанда Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және басқа да ірі халықаралық жарыстарға баратын спорттық делегациялардың құрамын жасақтаудың бірыңғай тәртібі бекітілді, деп жазады sputnik.kz.
Енді делегация құрамындағы жаттықтырушылар, мамандар және өзге де өкілдердің саны спортшылардың санына, жарыстың деңгейі мен ерекшелігіне және ұлттық құраманың қажеттілігіне қарай анықталады.
"Жазғы Олимпиадада министрлік өкілдерінің үлесі 3%-дан, ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің үлесі 2%-дан аспайды. Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіштер тиісінше 10% және 8% болады", - деп жазылған хабарламада.
Жаттықтырушылар мен мамандар үшін ең жоғары квота қарастырылған. Олардың үлесі жазғы Олимпиадада 86%-ға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100%-ға дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдар үшін 38%-ға дейін, медицина қызметкерлері үшін жазғы Олимпиадада 28%-ға дейін, басқа жарыстарда 23%-ға дейін квота белгіленді.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттерінің өкілдеріне жазғы ойындарда 13%-ға дейін, қысқы ойындарда 40%-ға дейін орын қарастырылған.


