Степногорда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 26 жастағы Ерболат Қасенов маусым айында түрмеден қашып шыққан болатын.
ERNUR.KZ.Степногорда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 26 жастағы Ерболат Қасенов маусым айында түрмеден қашып шыққан болатын. Осыған байланысты оның бас бостандығынан айыру жазасына тағы 5 жыл қосылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногор қаласының соты қашып шыққан азаматты «Тұтқынға алу», «Бас бостандығынан айыру мекемесінен қашып шығу» баптары бойынша айыпты деп танып, жалпы 5 жылға бас бостандығынан айырған.
«Белгіленген жазаға бұған дейін қылмыскерге қатысты шыққан үкімнің өтелмеген бөлігі қосылып, ер адам жалпы 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қылмыскер қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде жазасын өтейтін болады», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Қасенов түрмедегі алғашқы үш жылын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі толық мекемесінде өткізеді. Сондай-ақ, Қасеновтен қылмыскердің ісі бойынша сараптама жүргізуге және іздестіру жұмыстарына жұмсалған 2 миллион 153 мың 372 теңге көлеміндегі сот шығыны мемлекет пайдасына өндірілетін болады.
Еске салайық, 7 маусым күні Степногор қаласындағы ЕЦ-165/18 мекемесінен ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған Е.Ж. Қасенов қашып шыққан болатын. Полиция қызметкерлері қылмыскерді дәл сол күні ұстаған еді.