Степногорск қаласын дамытуға 107 млрд теңге бөлінеді

0
461

ҚР үкіметі қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.


Степногорск қаласын дамытуға 107 млрд теңге бөлінеді

ERNUR.KZ. Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады, деп sputnik.kz.

Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногорск қаласы жаңа серпінмен дамиды. ҚР үкіметі қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.
"Жоспарда 83 шара көрсетілген. Онда денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, агро-өнеркәсіптік кешен, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту және тағы басқа шара кіреді", - дейді ведомство.
2027 жылға дейін жоспарды іске асыруға шамамен 107 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болмақ.
"58,3 млрд теңге тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға және тозған инфрақұрылымды жөндеуге кетеді, ол 23 жоба болады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған", - деп мәлімдеді ведомство.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 550 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз етілсе, өңдеуші сектор өнімі кемінде 70% болмақ. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ке артады.
Құжатта жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтің жақсаруына орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау әсер етпек.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін белгіленген мерзімге дейін 74%-тен 90%-ке дейін арттыру жоспарланған.
Еске салайық, Степногорск қаласы мен оған іргелес аймақтардың аумағы 290 мың гектардан астам, халық саны – 68,5 мың адам. Қаланың әкімшілігіне бір ауылдық округ және 9 елді мекен – 4 кент, 5 ауыл кіреді. Өнеркәсіп саласы – қала экономикасының драйвері. Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногорск қаласының үлесі – 25,3%.