Бірқатар жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырған полицейлер күдіктінің кім екенін анықтап, кейін оны қолға түсірген.
ERNUR.KZ. Ақмола облысының полиция департаментінің қызметкерлері ауруханада көз жұмған науқастың банк картасын ұрлап, бірнеше күннің ішінде одан 300 мың теңгеден астам ақшасын алып кеткен әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп жазады Stan.kz.
Облыстық полицияның дерегінше, банк картасынан ақшаның ұрланғаны туралы арыз Степногорск қалалық ІІБ кезекші бөліміне қарашаның 16-сы күні келіп түскен.
"Бұдан бұрын анықталғандай, 29 қазан мен 8 қараша аралығында белгісіз жолмен Halyk Bank картасын еркін пайдалана отырып, 309 мың теңге көлеміндегі қаражатты қолды қылған", – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер арызданушымен сұхбат жүргізгеннен кейін ақша жоғалып кеткен банк картасы 8 қарашада жергілікті аурухананың терапия бөлімінде қайтыс болған науқасқа тиесілі болғанын анықтады.
Бірқатар жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырған полицейлер күдіктінің кім екенін анықтап, кейін оны қолға түсірген.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Аталған факті бойынша ҚР "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", – деді полиция.
Аталған баптың санкциялары бойынша күдікті ірі көлемде айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін.