Студенттер оқу ақысын волонтерлік қызметпен өтей алады

0
1 192

Біз арнайы сайтты іске қосамыз. Онда барлық тексеруден өткен волонтерлік ұйымдар тіркеледі.


Студенттер оқу ақысын волонтерлік қызметпен өтей алады

ERNUR.KZ. Қазақстандық студенттер алдағы уақытта оқуы ақысын волонтерлік қызметпен өтеуі мүмкін, деп жазады altaynews.kz.

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мәлімдеп отыр.

Қыркүйек айында арнайы сайт ашылады екен. Сол сайт арқылы жекеменшік және мемлекеттік жоо-лардың студенттері оқу ақысын қоғамдық қызметпен өтейтін болады.

"Біз арнайы сайтты іске қосамыз. Онда барлық тексеруден өткен волонтерлік ұйымдар тіркеледі. Жоғары оқу орындарының әр студенті волонтерлік қызметпен айналыса алады. Сондай-ақ, бұл сайтта өзіне волонтер іздеген мекемелермен қатар студенттер де тіркеледі" - дейді Әділет Тойбаев.

Студентке атқарылатын жұмыстардың көлемі бойынша таңдау жасау ұсынылады. Олар волнтерлік қызметті өздерінің бейінді бағдарына қарай таңдай алады екен.

"Студентке екі немесе бес кредит ұсынылады. Екі кредитке ол 20 мың теңге алып, сәйкес бағдарламаны орындайды. 5-кредиттік жүйе бойынша ол одан көбірек жұмыс істеп, молырақ ақша алады" - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Волонтерлік жұмыстардың бағыты әлеуметтік сипатта болмақ. Мысалы, аула клубтарындағы, қосымша білім беру мекемелеріндегі спорттық және интеллектуалдық сипаттағы жұмыстар, ағылшын, қазақ тілдерін үйрету бойынша курстар өткізу, т.с.с.

Волонтерлер бес категория бойынша тіркеледі. Жұмыс толық аяқталған соң сәйкес кредиттер есептеліп, университетке қаражат аударылады. Бұл істі жергілікті атқарушы орган ретінде әкімдік реттеп, қадағалап отырады.

Аталмыш бағдарлама ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап үш жылға дейін созылады және 50 мың студентті қамтиды деп жсопарлануда.