Студенттер жатақханасына орын бөлу тәртібі жаңарды

0
114

Бұйрық 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.


Студенттер жатақханасына орын бөлу тәртібі жаңарды

Фото: akorda.kz

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақхана орындарымен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібіне өзгерістер енгізілді, деп жазады zakon.kz.

Мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде:

  • жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы үш жылға арналған орын тапшылығының болжамы ескеріледі.

Болжамды тапшылықты анықтау кезінде нақты қажеттілік ескеріле отырып, Астана мен республикалық маңызы бар қалаларға, сондай-ақ жалпы республикалық қажеттіліктің кемінде 20 пайыз көлемінде тапшылығы бар өңірлерге басымдық беріледі.

  • салынып жатқан немесе жатақханаға қайта бейімделіп жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны ескеріледі. Астана, облыс орталықтары және республикалық маңызы бар қалаларда мұндай жатақханада кемінде 100 орын, ал басқа елді мекендерде кемінде 50 орын болуы тиіс.

Қайта жаңғыртылатын жатақханада бұрыннан бар орындарға қосымша кемінде 50 жаңа орын болуы керек. Бұл жағдайда мемлекеттік тапсырыс тек жаңадан енгізілген орындарға орналастырылады.

  • оператор жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен жатақханадағы жаңа орындардың пайдалануға берілуін және студенттер, магистранттар мен докторанттар нақты орналасқан орындардың санын бақылайды. Ол үшін жеткізушілердің деректер базасы қалыптастырылады және жүргізіледі;
  • жаңа жатақхана салуға қарағанда, қолданыстағы жатақхананы немесе ғимаратты қайта жаңғыртуға басымдық беріледі;
  • оператор жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларын салу және қайта жаңғырту нысандарының цифрлық тізілімін жүргізеді.

Тізілімде қызмет көрсетушілер мен құрылыс салушылар, құрылыс және қайта жаңғырту жоспарлары, жұмыстардың орындалу барысы, нысандарды пайдалануға беру мерзімдері, сондай-ақ студенттер, магистранттар мен докторанттарға арналған жоспарланған жаңа жатақхана орындарының саны туралы ақпарат қамтылады.

Құрылыс немесе қайта жаңғырту жоспарының, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру мерзімдері кешіккен жағдайда оператор алдын ала шартты біржақты тәртіппен бұзады.

Оператор мемлекеттік тапсырыс шартын жасамас бұрын жатақханада жеткізуші енгізген жаңа орындардың саны ұсынылған құжаттардағы тұрғын бөлмелер мен орындардың санына сәйкес келетінін тексеру үшін орнында мониторинг жүргізеді.

Жатақханада нақты тұрып жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттардың саны мына ақпарат көздері арқылы тексеріледі:

  • "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" цифрлық жүйесі – жатақханада тұратындардың студент, магистрант немесе докторант екенін растау үшін;
  • "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасы – олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы өзекті ақпаратты алу үшін;
  • операторға тиесілі "StudDom" цифрлық жүйесі – жатақханаға кіруді және шығуды шектейтін құрылғылар арқылы нақты тұру фактісін анықтау үшін.

Қажет болған жағдайда оператор жатақханада тұратын студенттерге, магистранттар мен докторанттарға телефон арқылы таңдамалы сауалнама жүргізе алады. Жатақханаға кіру жүйесінде карточка немесе биометриялық сәйкестендіру (Face ID) қолданылады.

Мемлекеттік тапсырыс жаңа жатақхана орындарын енгізуді қамтамасыз ететін қызмет көрсетушілерге мына шарттардың бірі орындалған жағдайда орналастырылады:

  • мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі аяқталғаннан кейін жатақхана мемлекеттік меншікке берілуі тиіс;
  • әлеуетті жеткізуші және жеткізуші ретінде акцияларының 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы болуы тиіс.

Сонымен қатар жаңа жатақхана орындарына қажеттілік болжамды тапшылық есебімен расталмаған жағдайда, оператор алдын ала шарт жасасудан бас тартады.

Жатақхана басқа адамға немесе ұйымға берілген жағдайда

Жатақхана сыйға тарту, сату немесе заңнамада көзделген өзге тәсілмен басқа тұлғаға берілген жағдайда, жеткізуші бұл туралы операторға жоспарланған мәміле күнінен кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын жазбаша хабарлауы тиіс.

Жатақхананы беру туралы шартта жаңа иеленушінің жатақхананың нысаналы мақсатын өзгеріссіз сақтау жөніндегі барлық міндеттемелерді қабылдайтыны көрсетілуі қажет. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында бұрын алынған бюджет қаражатының сомасы көрсетіледі.

Егер жатақхананың нысаналы мақсатын сақтау жөніндегі міндеттемелер бұзылса, жатақхана жаңа иесіне өткен жеткізуші мемлекеттік тапсырыс бойынша бұрын төленген барлық қаражатты бюджетке қайтаруға міндетті.

Жаңа жеткізуші операторға тиісті құжаттарды қоса отырып, алдын ала шарттағы тарапты өзгерту туралы өтініш береді.

Жатақханаға құқықтар тіркелгеннен кейін жаңа жеткізуші мемлекеттік тапсырыс шартындағы тарапты ауыстыру туралы өтінішті қағаз немесе электрондық түрде береді. Оған жатақхананың нысаналы мақсатын өзгерту құқығына кемінде 20 жыл мерзімге ауыртпалық қойылғанын растайтын құжаттар қоса тіркеледі.

Құжаттар толық әрі талапқа сай ұсынылған жағдайда, оператор 15 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тапсырыс шартына қосымша келісім жасайды.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жатақхана пайдалануға беріліп, оның нысаналы мақсатын өзгерту құқығына кемінде 20 жыл мерзімге ауыртпалық тіркелгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Төлем толық ай үшін жүргізіледі.

Жатақханада нақты тұру фактісі қалай анықталады?

Оператор айдың соңғы күніндегі және 15 желтоқсандағы жағдай бойынша "StudDom" жүйесінен алынған ақпарат негізінде студенттерге, магистранттар мен докторанттарға олардың тиісті жатақханада тұратыны туралы хабарлама жібереді.

Егер студент, магистрант немесе докторант хабарлама жіберілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде қарсылық білдірмесе, оның сол жатақханада тұратыны расталды деп есептеледі.

Егер мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жасалғаннан кейін студенттің, магистранттың немесе докторанттың жатақханада іс жүзінде тұрмағаны анықталса, оператор тиісті қорытынды жасап, жеткізушіден сол адам үшін алынған қаражатты бюджетке қайтаруды талап етеді.

Сонымен қатар "StudDom" жүйесі арқылы бір студенттің, магистранттың немесе докторанттың жатақханада бір айда нақты тұрған уақыты да ескеріледі:

желтоқсаннан басқа айларда – кемінде 72 сағат;

желтоқсан айында – кемінде 36 сағат.

Осы уақыт көрсеткіштері жатақханадағы орынның нақты пайдаланылғанын растау үшін қолданылады.

Бұйрық 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.