Жаңа Су кодексінде су ресурстарын басқарудың Бас және бассейндік жоспарларын әзірлеу көзделген.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жаңа Су кодексі әзірленді. Құжатта негізгі 5 қағида көрсетілген. Мәселен, су қоршаған ортаның ажырамас бөлігі болып табылады. Екіншіден, су ресурстарын пайдалануда олардың экономикалық құндылыған тану. Үшіншіден, жер үсті және жер асты су ресурстарын кешенді пайдалану. Сондай-ақ кодексте су ресурстарын тиімді және ұтымды үнемдеу көзделген. Бесіншіден, су қорын пайдалану мен қорғау мәселелерін шешуге қоғамды тарту. ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Оның айтуынша, жаңа Су кодексінде су ресурстарын басқарудың Бас және бассейндік жоспарларын әзірлеу көзделген. Сонымен қатар қауіпті гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеріп, олардың қауіпсіздігі декларацияларын дайындау міндеті көрсетілген.
«Бұдан бөлек, су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде күшейту көзделді. Су ресурстарын басқару органдарына су үнемдеу жоспарлары орындалмаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін бақылау функциялары енгізілген. Су нарығындағы «көлеңкелі» әрекеттермен күресу үшін өз бетінше су пайдалануға жол бермеу және су обектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруға тыйым салу талаптарын сақтау бойынша бақылау күшейтілді», – деді спикер.
Жаңа Су кодексінде ауыл шаруашылығындағы судың өнімсіз шығындарын азайту мәселелері қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің су пайдалануды жоспарлау, су пайдалану жоспарлары, ғылыми негізделген егіс айналымы және бөлінбейтін мүлікті бірлесіп пайдалану бойынша міндеттер белгіленген. Климаттың өзгеруіне байланысты елде су тапшылығы мен су тасқыны қауіптері күтіледі. Осыған байланысты су секторын климаттық өзгерістерге бейімдеу жөніндегі шаралар регламенттелген.