Бұған дейін тасқыннан зардап шеккендердің үйлері жаңадан салынатыны айтылды.
ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов тасқын салдарынан бүлінген үйлердің жаңа орнын арнайы комиссиялар анықтайтынын айтты, деп жазады inform.kz.
«Бұған дейін тасқыннан зардап шеккендердің үйлері жаңадан салынатыны айтылды. Жаңа үйлер қайда салынады? Бұрынғы орнында бой көтерсе, бір жылдан кейін қайтадан су алмайтынына кім кепілдік береді?» - деп сұрады БАҚ өкілі.
Вице-министр бұл мәселе әлі пысықталып жатқанын мәлім етті.
«Сіз дұрыс айтып тұрсыз. Біз әр жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бүгінгі таңда Үкімет деңгейінде жұмыс тобы құрылғанын білесіз. Қазір әкімдіктер өз деңгейінде де осындай комиссиялар құрды. Олар оқиға орындарын зерттеп, тексереді. Бір де бір адам назардан тыс қалмайды. Осы комиссиялар мен жұмыс топтары ақылдаса отырып, сараптай отырып жаңа үйлер қай жерге салынатынын шешеді. Біздің пайымдауымыз бойынша, ол үйлер, әрине, қауіпсіз тұстарда салыну керек», - деді Бауыржан Сыздықов.