Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы қалай тойланады?

0
1 131

Бұл бағыттағы іс-шаралар басталып кетті.


Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы қалай тойланады?

Дүниежүзінде аты аңызға айналған тарихи тұлғалар көп. Дегенмен, солардың арасындағы шоқтығы биік, жөні мен жолы тым бөлек азаматтың бірі – Бейбарыс сұлтан. Ол 1223 жылы дүниеге келіп, түркі әулеті Бахриден тараған мамлүктердің Мысырды билеген төртінші сұлтаны. Ауылына жау шауып, жастайынан құлдық қамытын киіп, сол басыбайлы тіршіліктен сұлтан дәрежесіне дейін жеткен ол туралы осы күнге дейін бірнеше деректі кітап жазылып, кинофильмдер түсірілген. Биыл осынау атақты сұлтанның туғанына 800 жыл толып отыр. Тиісінше, бұл мерейтой Қазақстан мен Мысырда қатар тойланбақ.


Рукн ад-дин Бейбарыс-Әл-Мансури Әл-Мысридің өмірі өте қызық әрі түрлі қиындыққа толы болған. Оның сол кездегі Қырым өңірін мекендеген беріш руынан, ақсүйектер әулетінен шыққанын тарихшылар дәлелдеген. Бейбарысты құл базарынан Әмір Айтегін әл-Бұндуқтар Димашқ деген кісі сатып алып, аты Байбарыс әл-Бұндуқтари деп аталып кеткен екен. Өрімдей шағында Қыпшақ даласында тұтқынға алынған Бейбарыстың құлдыққа қалай түскендігі туралы екі түрлі дерек бар.


Бірінші нұсқаға сәйкес, ол әскери жорық салдарынан құлдық қамытын киген. Ал, екіншісі бойынша әкесінің жаулары оны құлдыққа сатып жіберген. Қалай болғанда да оның қатардағы құлдан Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны дәрежесіне дейін жете алғаны ақиқат.


Атап өтер болсақ, Мәмлүк мемлекетінің негізін Мухаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ізбасарларының арасындағы көпжылдық кақтығыстардан кейін, оның қызы Фатима мен күйеу баласы Ғали-Арыстан қалаған. Сөйтіп, олар мемлекеті қорғау жолында жергілікті тұрғындарға емес, мықты деп саналатын қыпшақ жігіттеріне сенім білдірген. Бір жағынан 1271 жылдан бастап ислам сопылық бағытқа көше бастағандықтан, әскерге түркі халқының ұлдарын алу әскери төңкерістердің алдын алудың алғашқы қадамы саналды. Ал, Мысыр сұлтаны күзетке қоятын жігіттерді итальяндық көпестерден сатып алатын. Осы ретте құл Бейбарыс Дамаскіде 800 дирхамға сатылған. Осылайша ол өз мәмлүктерімен қауышып, өзінің әскери шеберлігімен көзге түскен.


Өзінің алғырлығымен айрықшаланған Бейбарыс күндердің бір күінде Мысыр сұлтаны Аюбидің хатшысы болып тағайындалады. Сол дәуірде Бейбарыс басқарған мәмлүктер әскері орта ғасырлардағы екі ірі жауына — «крестілер жорығы» мен моңғол басқыншыларына төтеп берген. Ал, 1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болғаннан кейін, елдің ыстық ықыласына бөленген Бейбарыс таққа отырады.

Бейбарыс сұлтан ат ойындарын, аң аулауды, түрлі сайыстарды ұнататын, қарапайым әрі діндар, кедей-кепшікке көмек көрсететін, жетімдерді желеп-жебеп жүретін азамат болған. Билік басында отырғанда әр қаланың қауіпсіздігін күшейтіп, барлығын тәртіп пен тұрақтылыққа келтірген. Барлық өзендерге көпір орнатып, әрбір шаһарға мешіт салдырған.Тиісінше, мәмлүктер елі көркейіп, әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер ағылып келе берген.


Ол «Шығыстағы барлық араб иеліктерінің әміршісі» атанып, Орта Азиядағы селжүктерді, кіші Арменияны, берберліктерді бағындырған. Франктердің зәулім қамалдарын талқандап, барлық көршілерді санасатын жағдайға жеткізген. Себебі ол қаһарман қолбасшы ғана емес, сақа саясаткер еді. Сол дәуірдің озық үлгісімен Сұлтан Байбарыс салдырған зәулім ғимараттар, әсем мешіттер, биік қорғандар мен қамалдардың біразы әлі де сақталып тұр. Осылайша, Бейбарыс мәмлүктер елін азулы мемлекетке айналдырып, Мысыр мен Сирияны «крестілер жорығы» және моңғол шапқыншылығынан қорғауға шексіз үлес қосқан. Көзі тірісінде бүкіл мұсылман халқына қорған болған.


Мысырда 17 жыл билік құрған Сұлтан Бейбарысты 1277 жылы уәзірі, қыпшақ Қалауын у беріп өлтіріп, аз-Заһариа кітапханасындағы күмбездің астына жерленген. Оның сүйегі Дамаскідегі Баб-өл-Барид зиратына қойылған.


Бейбарыс сұлтан басқарған мәмлүктер Мысыр мен астанасы Каирдің гүлденуіне айрықша үлес қосқанына тарих пен тарихи нысандар дәлел. Сондықтан Бейбарыс сұлтан қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтан тұтар тұлғасы. Ол өркениет пен исламның ілгерілеуіне бірдей көңіл бөліп, ата-баба дәстүрін де ұмыт қалдырмаған. Тіпті, тарихшылар мен зерттеушілер оның сарайда тек ана тілінде ғана сөйлегенін дәлелдеген.


Кейбір араб тарихшылары Бейбарыс сұлтанның Мысырды гүлдендірген дәуірін «алтын жылдар» деп те атайды. Сондықтан Қазақстан мен Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын жоғары деңгейде атап өту талас тудырмайтын оң шешім. Оның өмірбаяны қазақ және араб даласымен өте тығыз байланысты.


Өз кезегінде биыл Мысырда Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өткізілмек. Осыған орай Мысыр мен Қазақстан бұл іс-шараны жоғары дәрежеде атап өтуге дайындық жүргізіп жатыр. Мәселен, былтыр Ақордада Президент Әл-Азһар уни­вер­ситетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған. Сонда Мем­лекет басшысы 2023 жылы Сұлтан Бейбарыстың туға­нына 800 жыл толатындығын айтып, мерейтой аясында Қазақстан тарапы Каир­дегі Сұлтан Бейбарыс меші­тін қайта жөндеуден өткізуге үлес қосаты­нын айтқан. Оған қоса, Қазақстан мен Мысыр­дың мұрағат ісі сала­сын­дағы нор­мативтік-құ­қық­тық актілер, ақпарат және құжат­тар, мұ­рағаттану, археография және құжаттану бойынша әде­биет­термен, өзара мұра­ғаттық құжаттардың жарияланымдарымен алмасуға келіскен.

Сондай-ақ, осыған дейін мерейтой аясында Қазақстан елшісі Мысыр Мәдениет ми­нистрі­не Қазақстан Респуб­ли­касы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан дайындалған ұсыныстарды табыстады. Бірінші кезекте Каир қаласын­да күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс ме­ші­тін салтанатты түрде ашуды жоспарлаған. Одан бөлек, Әл-Азһар университетінде Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізіліп, Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фести­валі шеңберінде Рақымжан Отар­баевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанады. Оған қоса, бұл жоспарда Мысыр тарихының мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдеріндегі энциклопедиясын жарыққа шығару да бар. Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары да өндірілмек.


Ал, Астана қаласында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өткізіліп, мерекелік пошта маркалары шығарылады. Сонымен қатар, еліміздегі қалалардың біріне, елді мекендердегі көшелер мен алаңдарға, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру жағдайы қарастырылуда. Одан бөлек, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз және Түркістан қалаларында мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі өткізілмек.


Осы ретте Мысыр елі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне мәмлүктер дәуіріндегі жәдігерлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартады. Барлық жоғары оқу орындарында атақты сұлтанның мерейтойына арналған ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу, бұл іс-шараларға мысырлық және араб мәмлүктанушы ғалымдарын шақыру, Сұлтан Бейбарыстың тұлғасын ұлықтау ісі жалғаса бермек. Соның ішінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүктерін зерттеу орталығы мен мұражайы ашылып, Ақтау қаласында Сұлтан әл-Мансур Қалауын кешені үлгісінде мешіт салуды зерделеу қолға алынады.


Сонымен қатар, Каспий теңізі жағалауында «Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала елінің барысы» атты театрлық қойылым ұйымдастырып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты Орталық Азия және араб тарихшыларының ғылыми симпозиумын өткізу де жоспарланған. 2023 жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде, яғни Домбыра күнінде «Сегіз ғасыр жырлайды» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жыршылар мен мысырлық ауыз әдебиеті майталмандарының Бейбарыс пен басқа да мәмлүктер туралы «Батырлар жыры» фольклор кеші өтеді.

Бұл жоспарда көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық, аударыспақ секілді көшпелілердің ұлттық ойындарының халықаралық турнирлерін ұйымдастыру, халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қолдауымен Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени алаңда «Сұлтан Бейбарыстың Ұлы далаға оралуы» атты арт-фестиваль өткізу де бар.


Бұған дейін Мысыр Мәдениет министрі Невин Әл-Килани Қазақстан тарапының ұсыныс-пікірлерін қарастыруды және 23-25 қарашада Астана қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының 6-отырысында бірлескен шешім қабылдауды ұсынған.


Тағы бір айта кетерлік оқиға – жыл басында Астанада Сұлтан Бейбарыстың аты берілген көше ашылды. Сарыарқа ауданындағы №189 6 жолақты көшенің ұзындығы 2 шақырымды құрайды.


Түптеп келгенде, мұның барлығы Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті – Сұлтан Бейбарыстың адамзат тарихындағы орны ерекше екендігін анық аңғартады. Тиісінше, осыншама іс-шара құлдықтан ел билеуге дейін жетіп, ақиқат жолында жан берісіп, жан алысқан Бейбарыс пен оған ерген мәмлүктердің атын мәңгіге асқақтата бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ