Сұраныстың аздығынан Қазақстан қанты зауыт қоймаларында тұр - Сауда комитеті

0
681

Кеңесте негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық қант өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.


Сұраныстың аздығынан Қазақстан қанты зауыт қоймаларында тұр - Сауда комитеті

ERNUR.KZ. Сұраныстың аздығынан Қазақстан қанты зауыт қоймаларында тұр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кеңесте негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық қант өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.

Отандық қант өндірушілердің өтініштерін назарға алған Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қазір нарық импорттық арзан өнімдерге қаныққанын, ал отандық қант сұраныс аз болуына байланысты зауыт қоймаларында тұрғанын атап өтті. Қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу мәселесі бірнеше рет қаралды. Алайда, бұл шешім жазғы маусымның соңына дейін тоқтатылды.

«Бұған дейін бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында өңірлік ӘКК айналым схемалары бойынша қант зауыттарына шикізат сатып алу үшін 14,3 млрд теңге жіберген. Отандық қант зауыттарын қолдауға қосымша 9 млрд теңге айналым қаражатын бөлу арқылы айналым схемасы бойынша қаржыландыруды қайта іске қосуды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, бұрын жасалған шарттарды 1,5 жылға ұзарту орынды деп санаймыз», - деп А. Әбілдабеков өз ұсыныстарын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары шеңберінде өңірлерді форвардтық қаржыландыру жұмысының барысы туралы баяндады. Ережеге сәйкес, өңірлер күзгі көкөністер сатып алуды форвардтық қаржыландыруды ақпан айында-ақ бастауы керек еді. Кейбір өңірлерде бұл жұмыс әлі аяқталмаған.

«Өңірлер үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындарына қаржыландырудың 70%-ын бөлу жөніндегі талаптарды сақтау өте маңызды. Үлгілік қағидалар аясында келісімшарт талаптарының сақталуы бойынша бақылауды күшейтеміз. Талаптар сақталмаған өңірлер бойынша тиісті ұсыныстар енгізілетін болады», - деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Ербол Тасжүрековтің айтуынша, елімізде пияз бен сәбізге ұсынылатын қор көлемі қалыптасқан. Картоп пен қырыққабат бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Картоп жөнінде келісімшарт жасау көлемі 5 өңірде, яғни Атырау (55%), Абай (65%), Ұлытау (74%), Алматы (79%) және Ақмола (92%) облыстарында ұсынылған көлемнен төмен.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі әкімдіктер мен ӘКК-нің қырыққабат бойынша келісімшарт жасау жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. Мәселен, 10 өңірде келісімшарт көлемі ұсынылған сұраныс көлемінен төмен. Оның ішінде үшеуінде қор 50%-дан аз қалыптасқан. Бұл – Ұлытау (30%), Алматы (45%) облыстары мен Астана (49%) қаласы. Қамтамасыз ету мониторингі көрсеткендей, 8 өңірде ұн бойынша келісімшарттар іс жүзінде жоқ немесе Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлемнің 50%-нан аспайды. Ақтөбе облысында күнбағыс майы мен күрішке келісімшарт жасалмаған.

«Барлық аймақтар жағдайды түзетуі керек. Жаз – бағаны тұрақтандыру үшін алдағы жылға қор жинайтын бірден-бір қолайлы уақыт. Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының индексі нөл пайыз болды, дегенмен уақтылы жұмыс істегенде дефляция болуы керек еді. Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесінің нәтижесінде тек 8 өңірдің әкімдігі күріш сатып алу бойынша меморандумдар жасаған. Олар 1,4 мың тонна күрішке келісімшарт жасаса, ал ел бойынша шамамен 21 мың тонна қажет. Барлық өңірлер жиында айтылған міндеттердің дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деп түйіндеді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.