Әкімнің ауыл тұрғынын арнайы барып құттықтағандай кейіп танытқаны әлеуметтік желіде таралып кетті.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Табантал ауылының әкімі Рүстем Шакизаевтың жергілікті тұрғынды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған сәтіндегі фотошоппен өңделген суреті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп жазады Stan.kz.
Әкімдік парақшасында әкімнің ауыл тұрғыны Балсұлу Нажмедденованы құттықтап барған суреті салынған. Алайда суретттің фотошоппен жасалғаны анық көрініп тұр.
Ал суреттің соңына "Ауыл әкімі ауылымыздың тұрғыны, ерен еңбек иесі, қайсар ана, ауыл әйелдерінің республикалық форумының қатысушысы, "100 есім", "Асқар шыңға ту тіккен ауыл әйелдері" кітабына енген, шаруа қожалық басшысы Нәжмедденова Балсұлу апамызға барып, құттықтауды жөн көрді. Апамыздың кәсібіне береке, отбастарына амандық тілеп, тәуелсіздік шағымызда атқарған еңбектеріне алғыс айтты", – деп жазылған.
Әкімнің ауыл тұрғынын арнайы барып құттықтағандай кейіп танытқаны әлеуметтік желіде таралып кетті. Бірі "біздің елге цирктің қажеті жоқ" десе, енді бірі "ұят" пікір қалдырған.
Жағдай туралы Табантал ауылының әкімі Рүстем Шакизаевтың өзі пікір білдірді. Әкім ауылдағы шаруа қожалығының басшысы Балсұлу Нажмединованы расымен де үйіне барып құттықтағанын айтты. Ал суретті фотошоппен өңдеген әкімдік емес, әйелдің өз туыстары екен.
"Сол кісінің үйіндегілер телефонға суретке түсірді. Кейін апайдан сол түскен суреттерді жіберуін өтіндім. Ол суретті өзгертіп, фотошоппен салып жіберген. Мен оны білмедім, маған ескертпеді. Суретті алған кезде біртүрлі болып көрінгені рас. Ол туралы сұрағанымда телефонның сапасынан шығар деді. Бұдан соң апаға қоңырау шалдым. Ол кісі “үстімдегі киімнен ұялғандықтан, балаларым өзгертіп салып жіберген" деді. Сол күні барғаным рас", — дейді ауыл әкімі.