Қазақстан киносының тарихында алғаш рет отандық фильм ОАР-да көрсетіледі.
ERNUR.KZ. Режиссер Болат Қалымбетовтің «Талан» көркем фильмі Durban International Film Festival кинофестивалінің бағдарламасына қатысатын болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Өнер фестивалі 18-28 шілде аралығында Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтеді.
Қазақстан киносының тарихында алғаш рет отандық фильм ОАР-да көрсетіледі. Бұл фестивальге тағы бір қазақстандық кино - Абдель Фифтибаевтың «Бойжеткен» фильмі қатысады. Бұл картина - «Қазақфильм» АҚ жобасы емес.
Оңтүстік Африкадағы ең ірі және көне кинофестиваль - Durban IFF биыл көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен 180-нен астам фильм көрсетіп, түрлі семинарлар мен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырады.
«Талан» картинасын танымал қазақстандық актер әрі режиссер Болат Қалымбетов түсірген. Кино ашаршылық пен қуғын-сүргіннің заманында жетім қалған екі ұлдың бастан кешкендері туралы айтады. Достар бірнеше жылдан кейін күтпеген сәтте кездесіп қалады...
Естеріңізге сала кетейік, былтыр «Талан» фильмі Шәкен Аймановтың 14-ші халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура үшін жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, бұл фестивальде тарихи картина «Ел Арна» телеарнасының «Ел Арна таңдауы» дипломына ие болды.