Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы, сондай-ақ Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінің қолдауымен бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды, деп жазады ulysmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдары интернет арқылы жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғары оқу орындарына кепілді түрде оқуға түсіру қызметтерін ұсынып, жалған ақпарат таратқан.
Оның заңсыз әрекеттерінен 32 азамат зардап шегіп, жалпы көлемі 28 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2025 жылдың мамыр айында Албания Республикасында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс бойынша кінәсі дәлелденген жағдайда, оның мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


