Талдықорған әкімінің көпбалалы анаға дауыс көтеріп, ұрысқан видеосы таралды (видео)

0
256

Желіде тараған видеода әкім көпбалалы анаға қатты дауыспен бірдеңені түсіндіріп отыр.


Талдықорған әкімінің көпбалалы анаға дауыс көтеріп, ұрысқан видеосы таралды (видео)

Фото: Видоедан скрин

ERNUR.KZ. Желіде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің жеке қабылдауына келген көпбалалы анаға айқайлап, ұрсып жатқан видоесы тарады, деп жазады stan.kz.

Желіде тараған видеода әкім көпбалалы анаға қатты дауыспен бірдеңені түсіндіріп отыр. Кадрлардан оның үстелдің үстіне саусағын қайта-қайта нұқып отырғанын байқауға болады.

“Тоқтаңыз, 19 категориясы неліктен, білесіз бе? Өзінің тоқалдарына, жүргізушілеріне таратуға берілген”, – дейді әкім.

Бұл видеоның үзіндісі ғана болғандықтан әкімнің толыққанды не айтқаны белгісіз.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл оқиға 2023 жылдың қараша айында болған. Ернат Бәзілдің жеке қабылдауына қала тұрғыны Бақшан Сұлушаш тұрғын үй мәселесімен келген.

"Қабылдау кезінде қала әкімі тұрғынға 2005-2019 жылдары аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз берілген баспана төңірегінде болған жағдайларды айтты. Қазіргі таңда заң талаптарына сай жүйелі жұмыстардың жасалып жатқанын түсіндірді. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасының нормалары мен талаптары қандай екенін жеткізді. Атап айтқанда, әкім тұрғын үй мәселесімен жүгінген қала тұрғынына түсіндірме жұмыстарын бірнеше рет жасағанымен, азаматша кезектен тыс заңсыз тұрғын үй беруді сұрады. Бұған дейін де солай болғанын бірнеше рет қайталап, заңсыз баспана беруді талап етті", – делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, желіде тараған видеода тек қала әкімінің түсіндіру сәті ғана кесіліп алынған.

"Бақшан Сұлушаштың кезектен тыс, заңсыз тұрғын үй талап еткен сәті алынып тасталып, желіге жарияланған. Әлеуметтік желіде тараған видеода қала әкімі аталған азаматшаның ар-намысына және жеке басына қатысты дөрекілік танытпады. Сонымен қатар видео белгілі бір қоғам белсенділері арқылы желіде кеңінен тарап, халық арасында қала әкімінің беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасалды. Арандатушылық әрекеттерді жүзеге асырушылар қатарында "Айша бибі" ҚБ Талдықорған филиалының төрағасы, "Жетісу жанашырлары" Ж.Г. Камолданова, "Айша бибі" ҚБ мүшесі К.Т. Каширова да бар. Бақшан Сұлушаш тұрғын үй кезегінде "көпбалалы отбасы" санаты бойынша 2018 жылдың қыркүйек айында тұрған. Бүгінде №336 кезекте тұр", – дейді әкімдік.

Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, Мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс үй алу фактілері де анықталған. Мәселен Бақшан Сұлушаш жоғарыда аты аталған адамдармен бірлесіп, тұрғын үй кезегінде тұрғанына қарамастан заңсыз үй алған.

"Сұлушаш сыбайластары Ғылымханқызы Айдана және Каширова Құралаймен бірлесіп, 2024 жылдың 26 ақпанында "Бірлік" шағын ауданындағы №35 үйдің 1,41 және 60 пәтерлеріне өз еріктерімен заңсыз басып кірген фактісі анықталды. Талдықорған қаласының полициясы осы факті бойынша қылмыстық іс қозғап, сот шешімімен заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін кінәлілерді жауапқа тартты. Ж. Камолданованың қызы А. Ғылымханқызы мен К.Т. Кашироваға Қылмыстық кодекстің 189 - бабы 1-бөлігі (өзінше билік ету) бойынша, А. Т. Жоламанова мен А. М. Кенжебековаға Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-тармағы (алаяқтық ісі) бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген әкімдік хабарламасында.