Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда газ баллонның жарылуы салдарынан жеке тұрғын үй қирап қалды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Оқиға орнынан 8 адам ауруханаға жеткізілді, оның үшеуі балалар.
26 қараша күні сағат 20:00 шамасында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Талдықорған қаласының іргесіндегі Еркін ауылында жеке тұрғын үйде сыйымдылығы 5 литрлік газ баллоны жарылғаны туралы хабар түскен.
Жарылыс салдарынан өрт шыққан жоқ. Алайда тұрғын үйдің қабырғалары мен шатыры қирады.
"Жарылыс салдарынан 8 адам зардап шекті. Оның үшеуі балалар. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді", – деді Талғат Уәли.
Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.
Оқиға орнында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен техникалық құралдары, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеді.
Сондай-ақ зардап шеккендердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін психолог мамандар да оқиға орнына шақыртылды.
Айта кетейік, 21 қарашада ел астанасы Нұр-Сұлтандағы кафеде газ баллон жарылды. 52 жастағы ыдыс жуушы оқиға орнында қайтыс болып, 23 адам жарақат алды. Бірнеше күннен кейін 24 жастағы қызметкер жансақтау бөлімінде көз жұмды.