Талдықорғанда жолаушы әйелге жаман сөз айтып, желкесінен жұлқылаған жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)

0
170

​Осы оқиғаға қатысты автопарк иесі мәлімдеме жасады.


Талдықорғанда жолаушы әйелге жаман сөз айтып, желкесінен жұлқылаған жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)

Фото: скриншот

ERNUR.KZ. Өткен сенбі, яғни, 2025 жылдың 19 сәуірінде Талдықорған қаласында №24 автобустың жүргізушісі жолаушы әйелдің сөзін теріс түсініп, оған қол ала жүгірген. Осыған байланысты автопарк иесі мен полиция департаменті мәлімдеме жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралып, қала тұрғындары арасында резонансқа айналды. Осыған байланысты автопарк иесі мәлімдеме жасап, жүргізушіге қатаң сөгіс берілгенін хабарлады.

«Құрметті Талдықорған қаласының тұрғындары. Мен Сәбит Қыстаубаев, «Ай-Амира» ЖШС-ның басшысымын. Сенбі күні, яғни, 19 сәуір күні №24 автобустың жүргізушісі мен жолаушы арасында орын алған кикілжің туралы мәлімет бергім келеді. Оқиғадан кейін №24 автобус жүргізушісіне қатысты полиция тарапынан әкімшілік іс қозғалды. Біздің тараптан жүргізушіге қатаң сөгіс берілді», - дейді ол.

Ал, Жетісу облысының полиция департаменті хабарлағандай, жүргізушінің жасы 44-те және ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалады.

«2025 жылғы 19 сәуірде Талдықорған қаласында қоғамдық орында былапыт сөз айту фактісі бойынша полиция қызметкерлері 44 жастағы автобус жүргізушісін анықтап, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты», - деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.