Талғарда атыс болғаны рас па? Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтты

0
89

Тұздыбастау кентіндегі кафелердің бірінің жанында атыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.


Талғарда атыс болғаны рас па? Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтты

фото: Sputnik / Айдана Дайырова

ERNUR.KZ. Алматы облысы Талғар ауданында атыс болды деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлер Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

Айтуларынша, жанжал 4 адамның арасында болған, біреуі – әйел.
"Төртеуі дәмханадан шықты, арасында екі ер адам бір-бірімен дауласа бастады. Бірақ төбелес болған жоқ, сөзбен ғана ерегесіп тұрды. Бір уақытта тарс еткен дауыс шықты, біз оны ойнап ататын тақылдақ (пештон) екен деп ойласақ, автомат екен. Қолында тұрғанын көрдік", - дейді куәгерлердің бірі.
Оның айтуынша, ерегесіп көп тұрмаған.
"Негізі бәріне араларындағы әйел кінәлі. Ерегескендер әйелдің күйеуі мен тағы бір ер адам. Әйел былапыт сөйлейді екен, бажылдап айтпағаны жоқ, сөзін тыңдап тұрудың өзі мүмкін емес. Бәрін сол әйел ушықтырып жіберді. Сөзіне шыдамаған болу керек, ерегесіп тұрған ер адам жерге бір рет оқ атты", - дейді куәгер.
Содан кейін төртеуі тарап кеткен.
"Ер мен әйел Chevrolet-ке отырып кетіп қалды, ал ана екі еркек өз бетімен кетті. Полиция 15 минуттан соң келді, соған қарағанда біреу телефон соққан болуы керек. Жанжалдасқандарды қайтып оқиға болған жерге алып келді, қаруды іздеді. Полиция жан-жақтағы ғимараттардың төбесін, тіпті көшеде сатылып жатқан қарбыздың астын да тінтіді", - дейді куәгерлер.
Полиция департаменті бұл іске түсініктеме берді.
"Талғар ауданының Тұздыбастау кентіндегі кафелердің бірінің жанында атыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Мекемеге келушілер арасында қақтығысқа ұласқан ауызша жанжал болған. Жағдайды осы аймақты күзететін экипаж жедел шешті', - дейді облыстық полиция департаменті.
Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілген.