"Оқушы үйде жалғыз болған": Талғарда көпқабатты тұрғын үй өртенді (фото, видео)

0
3 444

"Үйде жалғыз болғанмын. Көршілердің есіктерін қақтым. Ешкім есік ашпады. Анама хабарластым", - деді қобалжыған жеткіншек.


ERNUR.KZ. Талғарда төрт қабатты тұрғын үй өртке оранды, деп жазады NUR.KZ.

Оқиға орнында түсірілген фото мен видеоны куәгерлер редакцияға жіберді.

Видеодан бірнеше қабаттың балкондары өртеніп жатқанын көруге болады. Куәгерлер оқиға орнынан алшақ жерге кетіп жатыр. Өрт сөндіру көліктері де келіп жеткен.

"Енді Талғарда өрт шықты. Білуімше, газ қызметінің қызметкерлері осында жүр. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мен алғашқы куәгермін. Жеткіншекке газ баллонын шығаруға көмектестім", - деп хабарлады оқырманның бірі.

Мектеп оқушысы екінші қабатта лапылдап жанып жатқан пәтерде тұратынын айтты. Өрт шыққан уақытта ол үйде жалғыз өзі болған екен.

"Үйде жалғыз болғанмын. Көршілердің есіктерін қақтым. Ешкім есік ашпады. Анама хабарластым", - деді қобалжыған жеткіншек.

Алматы облысының ТЖҚ-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, балкондардың өртенуі жайлы ақпарат алтыншы ақпан күні сағат 12:39-ға келіп түскен.

Талғар ауданының Қарасай батыр көшесінде төрт қабатты тұрғын үйдің 2,3,4-ші қабаттарының балкондары өртенген.


Өртке оралған тұрғын үйден 35 тұрғын шығарылған, оның 12-сі бала. Сонымен қатар, бірінші топтағы бір мүгедек адам құтқарылған.

Департаменттегілер оттың басқа пәтерлерге жайылмай тұрып сөндірілгенін хабарлады.

Өрттың шығу себебі анықталуда. Тілсіз жау 35 шаршы ауданды шарпыған.