Фото: Видеодан скрин
Талғарда екі жасар қызды ұрлап, әйелді зорлап және ер адамды өлтірген азаматтың ісіне қатысты екі тергеушіге айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі тергеушіге қызмет бабын асыра пайдаланды және қызметтік міндетін орындамады деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың уақытында әрекет етпеу салдарынан қайғылы оқиға орын алған.
Бәрі неден басталды?
2025 жылы 6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызыл-Қайрат ауылында ер адам екі кәмелетке толмаған сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиенін ұрлап кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы құтқарып, анасына тапсырды. Ал күдіктіні ұстап, қамауға алды.
Мәліметке сәйкес, қылмысқа дейін бір ай бұрын ұрланған қыздың анасы полицияға зорланғаны туралы арызбен жүгінген. Алайда отбасының адвокаты Гауһар Сариеваның айтуынша, сол кезде полиция күдіктіге қатысты тиісті шара қолданбаған.
Полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов Талғар аудандық полиция басқармасының екі тергеушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы бойынша сараланған:
Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Ауыр зардаптарға әкеп соққан не пайда табу мақсатында билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану):
Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік).
"Процеске қатысушыларға қылмыстық іс материалдарының көшірмелері берілді, тараптар сот талқылауына дайындыққа кірісті. Жәбірленуші тарап істің сотта әділ, жан-жақты әрі заңды түрде қаралатынына үміттенеді", – деді жәбірленушінің адвокаты.
Бұл ақпаратты Алматы облысының прокуратурасы да растады.
Адвокат Палмановтың айтуынша, бұған қоса екі учаскелік полиция қызметкеріне қатысты салғырттық пен қызметтік жалғандық дерегі бойынша бөлек іс тергелген. Қазір ол іс Алматы облысының сотында қаралып жатыр.
Негізгі іс
Ал Талғардағы екі жасар баланы ұрлау, әйелді зорлау және ер адамды өлтіру дерегі бойынша негізгі сот процесі 2025 жылы 4 желтоқсаннан бері жабық режимде өтіп жатыр. Іс бойынша үш күдікті бар: негізгі айыпталушы және екі кәмелетке толмаған сыбайласы. Негізгі күдікті Е. есімді азаматқа бірден 12 бап бойынша айып тағылған:
- 99-бап 2-бөлік 7-тармақ – (Адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіру);
- 125-бап 3-бөлік 2-1-тармақ – (Кәмелетке толмағанды тарта отырып, адам ұрлау);
- 120-бап 1-бөлік – (Зорлау);
- 121-бап 1-бөлік – (Зорлық-зомбылық қолдана отырып, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасау);
- 190-бап 3-бөлік 4-тармақ – (Адамдар тобы болып жасалған алаяқтық);
- 147-бап 5-бөлік – (Жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу (соның ішінде жеке деректерді интернет-платформаларда заңсыз тарату);
- 149-бап 2-бөлік – (Тұрғын үйге заңсыз кіру);
- 115-бап – (Кісі өлтіремін деп қорқыту);
- 287-бап 3-бөлік – (Қару-жарақты заңсыз жасау);
- 288-бап 1-бөлік – (Қару-жарақты заңсыз сақтау);
- 200-бап 1-бөлік – (Көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иемдену);
- 132-бап 4-бөлік – (Кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту).
Ал кәмелетке толмаған екі күдікті – А. және К. – екі эпизод бойынша айыпталып отыр. Ол: Адам өлтіру (топ болып жасау) және кәмелетке толмағанның қатысуымен баланы ұрлау.
Айта кетейік, Талғарда бір азамат ер адамға оқ атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен еді. Кейіннен бүлдіршін аман-есен табылып, күдікті қолға түскен. Сотталушы қамауға алынып, оның қылмыс үшін қолданған қаруы тәркіленді. Ал өзі қамауға алынды


