Тәліптер неліктен Ауғанстанды тез бағындырды? – Сарапшы жауап берді

0
613

Осыған дейін тәліптер Ауғанстанды үш ай, жарты жылда басып алады делінген еді.


Тәліптер неліктен Ауғанстанды тез бағындырды? – Сарапшы жауап берді

ERNUR.KZ. Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің (КАСМО) қамқорлығымен Ауғанстандағы жағдай бойынша сараптамалық талқылау барысында Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Барлау» қызметінің бұрынғы директоры оқиғаға «бұл бұрыннан пісіп-жетіліп тұрған жағдай» деп баға беріп отыр, деп жазады baq.kz.

Сарапшылар жиында «Талибандар» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстанды қалайша осынша тез уақыт ішінде басып алғандығы туралы пікірлерін ортаға салды. Бітімов бұл жағдай туралы таңды-таңға жалғап айтуға болатындығын алға тартты. Оның айтуынша, Мазари-Шариф құлаған соң бір күн өтпей ел астанасын бағындыруға биліктің ішкі жүйесіздігі ең басты себеп болған көрінеді.

Осыған дейін тәліптер Ауғанстанды үш ай, жарты жылда басып алады делінгенімен, қазіргі режим америкалық әскер шығарылған соң құлайтыны белгілі болатын. Іс жүзінде әскерлер, қауіпсіздік күші, бюджет донорлар есебінен қолдау тауып тұрды. Осы 20 жыл ішінде әлеуметтік, білім беру, мәдениетте, өмір сүру салтында қоғамда өзгерістердің болғаны анық. Біз де гуманитарлық көмек көрсетуге қол ұшымызды создық. Әскердің жабдықталуы да жоғары еді. Оқиғаның осылай аяқталуына негізгі себеп – биліктің ішкі жүйесіздігі, - деді Өміртай Бітімов.

Сондай-ақ, тіпті, қарапайым халық әділетсіздік болса, жәбірлеушіні таба алмай, «дала командирлеріне» жүгінуге мәжбүр күйге жеткені белгілі. Ал даладағы командир екі күн ішінде олардың проблемаларын шешіп беретін. Яғни ешқандай қылмыстық кодекссіз жолға қойылатын болған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Ауғанстанның 70 000 азаматын қабылдайды деген ақпаратқа СІМ жауап бергені туралы жазған болатынбыз.