Танагөз Толқынқызына қарсы іс қозғау тоқтатылды

0
197

Сондай-ақ ол адвокат жалдау шығындарын төлеу мақсатында кітап сатуды тоқтатқанын хабарлады.


Танагөз Толқынқызына қарсы іс қозғау тоқтатылды

Фото ақынның Facebook парақшасынан алынды

ERNUR.KZ. Ақын, журналист Танагөз Толқынқызына жазылған арыз бойынша іс тоқтады. Бұл жөнінде ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп жазады ulysmedia.kz.

Оның сөзінше, ол адвокаттары Бауыржан Азанов және Марал Сайлаубаймен бірге Астана полициясына барған. Екі адвокаттың тікелей қатысуымен полицейдің қойған барлық сұрағына жауап берген.

Бүгін менің адвокаттарым маған тексеру нәтижиесінде қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының білгілері анықталмағандықтан, іс номенклатуралық есепке жіберілгенін хабарлады, – деп жазды журналист Facebook желісінде.

Іс те, кітап сату да тоқтады

Сондай-ақ ол адвокат жалдау шығындарын төлеу мақсатында кітап сатуды тоқтатқанын хабарлады.

Осыған орай, адвокат жалдау шығындарын көтеруге менің кітаптарымды сатып алған барлық оқырмандарыма шексіз разылығымды білдіремін. Басыма іс түскенде олар маған моральдық та, материалдық та көмек берді, – дейді Танагөз Толқынқызы.

Ақынның айтуынша, авторға гонорар есебінде баспадан берілетін азғантай кітаптың барлығы сатылып кеткен. Дәл қазір табыс табу мақсатында тиражын көбейтін, қайта баспадан шығарып сату ойда жоқ.

Бұл өзім үшін күтпеген үлкен жаңалық болды. Халық бұлай бір жағыма шығысып, қолдап кетеді деп, шынымды айтайын, күткен жоқпын. Енді менде сататын кітап жоқ, – деп жазды желідегі парақшасына.

Ақынның басына қандай күн туды?

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде ақын Танагөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы 7 наурызда жариялаған жазбасы қызу талқыланған болатын. Ол қазақтарды "принципі жоқ", "құлдық сана қалыптасқан" қоғам деп айыптап, құндылықтардың әлсірегенін, адамдардың бір-біріне жанашырлығы азайғанын және пайдакүнемдік пен жемқорлық кең тарағанын жазған. Ал 30 наурызда Астана қалалық Сарайшық ауданы полициясы хабарласып, eGov сайты арқылы бір адамнан шағым түскенін айтады.