Ол туған жері Шымкентке баруды жоспарлаған.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында әскери бөлімнен қашып кеткен сарбаз ұсталды. Ол Тараздан 40 шақырым жердегі мал ұстайтын қоралардың бірінде жасырынып жатқан. 19 жастағы жігіт бес күн бойы мал бағып, төрт түліктің қасында түнепті. Ал әскерден қашуы себебін «ата-анамды қатты сағындым» деп түсіндірген, деп хабарлайлы КТК.
«Теміржолға түстім, сосын адасып Ақыртөбеге жаяу бардым. Сол жақта малшы болып жүрдім. Ол жақта тамақ, үй – бәрі тегін. Сосын күніне үш-төрт мың теңге тауып, үйге барып ата-анама сыйлық алып, қайтып келем бе деп ойладым», - дейді №8595 әскери бөлімінің сарбазы Нұрасыл Арысбаев.
Нұрасыл Арысбаев осыдан бес күн бұрын әскери бөлімнен қашып кеткен. Түнгі кезекшілікте тұрған сарбаз алғашқыда Алматыға қарай бет алған екен. Алайда, кейін туған жері Шымкентке баруды жоспарлаған.
Нұрасылдың қашу себебін полиция департаменті егжей-тегжей тексеріп жатыр. Әскери бөлімнің өкілдері бес күн бойы іздеуде болған сарбазға қатаң жаза қолданылмайды деп сендірді.
«Әскери бөлімді не себепті өз еркімен тастап кеткені жөнінде және оған қатысты процессуалдық іс-шаралар жүргізу үшін іс құзырлы органға тапсырылды. Оған әкімшілік жаза қолдануы мүмкін», - дейді №85395 әскери бөлім командирінің орынбасары Бауыржан Дүйсенбаев.