Таразда 35 жастағы азаматты МРТ аппараты тартып өлтірді
35 жастағы жергілікті тұрғынды магниттік-резонанстық томография аппараты жұтып қойып қаза тапты. Атпалдай азаматты медициналық құралдың магниті ішке қарай тартып әкетіп, ол соның аузында кептеліп ажал құшқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Ол біздің асыраушымыз еді. Енді не істедік?! Маған ұлымды қайтарып берсін. Ол әлі өмірдің қызығын көріп үлгерген жоқ. Артында кішкентай қызы жетім қалды. Жұмыс істейтін бөлмені өздері босатып беруі керек емес пе? Ал ондағылар МРТ-ны орнынан қозғалтуды осыларға жүктеген"- дейді Хусаин-Ахуновтың анасы, Вазира Хусаин-Ахунова.
Қайғылы жағдай қаладағы медициналық орталықтың бірінде болған. Мекемеде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген екі азамат МРТ аппаратын орнынан жылжытпақ болған. Сол кезде ұдайы қосылып тұратын медициналық қондырғының қуатты магниті Фуркат Хусаин-Ахуновты ішіне тартып кеткен.
35 жастағы азамат екі бүктеліп аузында кептеліп қалыпты. Бірден есінен танған жігітті алып шығуға адамдардың күші жетпей, кейін өлі денені жүк көлігімен суырып алуға тура келген.
Қаза тапқан азаматтың жақындары оқыс оқиғаға кінәлілерді анықтап, жазаға тарту керек дейді. Ал болған жағдайға түсініктеме беретін медициналық орталықтан бірде-бір өкіл табылмады. Марқұмның артында әйелі мен төрт жастағы қазы қалды.
"Аталған дерек бойынша ҚК-тің 156-бабы, 3-бөлігімен тергеу басталды. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды" - деді Жамбыл облысы ПБ баспасөз хатшысы, Гүлсара Мұхтарқұлова,