Мемлекеттік қызметте жүргендерге уақытша берілетін баспаналардың дені мақсатсыз пайдаланылуда.
ERNUR.KZ. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері арнайы рейдке шығып, біраз былықтың бетін ашты. Бірі қызметтік пәтерді жалға беріп, қалтасын толтырса, енді бірі қараусыз қалдырған. Тіпті, коммуналдық төлемақысын төлемейтіндері де бар екен, деп жазады baq.kz.
«Астана» арнасының хабарлауынша, арнайы рейдке шыққандар мемлекеттік қызметкерлерге уақытша берілген баспаналардың тізімін қолға ұстап, көше аралап шықты. Бір қызығы, барған үйлердің бірі де есігін ашпады. Ал есіктерінде коммуналдық төлемдердің түбіртектері жиналып қалған.
13 пәтерге бардым өзім. Олардың ешқайсысында тізім бойынша азаматтар болған жоқ. Есігін ашпаған азаматтардың көршілерімен тілдесіп көрдік. Кейбір азаматтар 3-4 айда бір рет келеді деп айтып жатты. Ал кейбір жағдайларда ол пәтерді басқа адамға өткізіп қоюы ықтимал деген болжамды айтып жатты. Сатып жіберуі де мүмкін, - дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Назима Жұбандықова.
Шынында да есігін ашпаған бір пәтердің көршісі баспананың былтыр қыста сатылып кеткенін айтып, елең еткізді. Алайда, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев оны жоққа шығарып отыр.
Жоқ, бұл сатылмайды. Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, егер сол қызметтік пәтерге ие болған адамның мемлекеттік қызметте 10 жылдан астам еңбек өтілі болса ғана, ол қалдық құнымен сатып ала алады, - дейді ол.
Дегенмен, арнайы рейд кезінде біраз былықтың беті ашылды. Мемлекеттік қызметте жүргендерге уақытша берілетін баспаналардың дені мақсатсыз пайдаланылуда. Біреулері қаңырап бос тұрса, енді біреулерін жалға беріп қойған.
Жалпы, шаһардағы 108 үй мемлекеттік қызметтегілерге берілген. Оның 48-і – ротациялық, яғни қызметі аяқталғанша тұра алатын пәтер. Ал қалған баспаналарды жұмыс өтіліне байланысты сатып алуға жол берілген. Мұндай мүмкіндік тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана беріледі. Одан бөлек, полиция департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара мен прокуратурадағы жоғары лауазымды шенділер де иемдене алады.