Балабақша қызметкерлері қыз баланы өзге балаларға қоспай сыныпқа жалғыз тастап кетіп жүрген
Фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Сәтбаев қаласындағы бөбекжайда бірнеше ай бойы қатарластарынан буллинг көрген 3 жасар сәбидің видеосы жариялады. Жәбір көрген баланың анасы болған жайтты айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Мадина Бұхарбекованың айтуынша, 7-8 ай бойы топтағы балалар қызын жабылып ұрып келген, ал тәрбиешілер болса жағдайға көз жұма қараған. Тіпті сәбиді өзгелерден бөліп, балаларды ойнатуға шығарғанда, оны сыныпқа жалғыз тастап кетіп жүрген.
«Қызымның «аутизм спектрінің белгілермен психикалық дамудың кешігуі» диагнозы бар. Балабақшада қатарластарынан да, ересектерден де жәбір көріп жүргенін аяқ астынан білдім. Өткен жұмада ана-аналардың WhatsApp чатында бір қыздың анасы «балалардың дәретханасына камера қойдырайық» деді. Біз түсінбей, не үшін екенін сұрағанымызда, «қызымды күтуші ұрыпты» деді. Содан бәріміз дүйсенбі күні директордың кабинетіне жиналдық. Бейнежазбаларды көрсетуді сұрадық. Сол сәтте, 18 қарашадағы жазбаны көрсетіп жатқанда, менің қызымды топтан бөліп тастағанын көрдім. Бұл тек 1-2 сағаттың ішіде болған жағдай. Басқа уақытта не болып жатқанын кім біледі? Балама ешкім назар аудармайды. Басқа балалар үстелде төрт-төрттен отырып, тамақтанғанда, менің қызым шетті жалғыз отыр. Тура солай сабақ оқытып жатқан кезде де, қызымды оқшаулап тастаған», - дейді ол
Келесі күні ата-аналар балабақшадағы видео жазбаларын тексеруге тағы келген. Сонда Мадина Бұхарбекова бұдан да сорақы әрекеттерге куә болыпты.
«Бұл жолы 19 қарашадағы видеоны көрдік. Таңғы тоғыздан бастап қарадым. Тәрбиеші балаларды тізіп орындыққа отырғызып қойған. Оның көзінше балалар қызымды жығып салып, қолынан тартып, бір-бірлеп келіп, бетінен ұрып жатыр. Тәрбиеші бейқам, балалардың зорлық көрсеткеніне қалыпты қараған. Оларға қой демегенін көруге болады. Сағат таңғы 10.30 кезінде балаларды жинап, алып кетті. Менің қызымды жалғыз өзіп сыныпқа тастап кеткен. Содан кейін күтуші келіп терезені айқара ашып тастап, еден жууға кірісті. Қызым 45 минут бойы сол жерде жылап жүрді. Терезеден шығып, құлап кетсе ше? Оны ешкім ойлап тұрған жоқ. Осы жерге келгенде директор видеоны өшіріп, көрсетпей тастады. Бұл жағдай туралы методист білген. Тәрбиеші оған «баланы жалғыз қалдырып кете беріңдер» деген, оның видеосы бар. Басшылық бәрін білген», - деді Мадина.
Анасының айтуынша, ол қызының диагнозымен ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, емдетіп, қазіргі күні жақсы нәтижеге жеткен. Алайда балабақшада сәбиді әбден қорқытып, оқшаулап тастаған.
«Қызымда аутизм спектрінің белгілері бар, психикалық дамуы кеш жетіліп келе жатыр. Ұзақ уақыт бойы емдетіп, ортаға бейімдедім, бар күшімді салып, диагноздан шығарып алдым. Түсінігі бар, атын атасаң қарайды, белсенді, ойнағанды, жақсы көреді, сөйлейді, бірақ ойын толық жеткізе алмайды. Таяқ жегенін айта алмайды», - дейді ол.
Мадина жазда да қызының балабақшадан денесі көгеріп, сырылып келетінін байқаған. Бірақ таяқ жеп, қорлық көріп жүр деп ойламаған. Ол ата-аналар жиналысында да, балабақша психологтарына, басшылығына үнемі ескертіп, баланың денсаулық жағдайын түсіндіріп отырған.
«Жаз айында баламның үстінен көгерген, сырылған жерлерін байқаған едім. Бірақ бала болған соң, ойнайды, шалынады, содан болар деп қатты мән бермедім. Алайда баламның денесінде көгерген жерлері көбейіп келе жатыр деп тәрбиешісіне айттым, қарап жүруін өтіндім. Ата- аналар жиналысында да балам белсенді, айтқанды түсінеді деп үнемі айтып жүремін. Ал бұл кісілер болса, жалғыз тастап, бөлмеге қамап қойып, білгендерін істеп жүр. Балабақша басшылығының бұған көз жұма қарағанына шыдай алмаймын. Осындай жауапсыздықтың кесірінен ертең басқа бала зардап шегеді», - деді Мадина.
Мадина Бұхарбекова балабақша қызметкерлерінің үстінен полицияға арыз жазған. Редакция болған жайтқа байланысты Ұлытау облысының полиция департаментіне сауал жіберді.
«Аталған дерек қазіргі уақытта Сәтбаев қаласы полиция бөлімінде тіркелді. Оқиғаға қатысы бар тараптармен тергеу әрекеттері жүргізіліп, балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден оқиға бойынша мәліметтер жинақталуда. Баланың қауіпсіздігіне қатысты мән-жайлар толық тексеріліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңда көзделген шаралар қабылданады», - деді полицияның баспасөз қызметінен.


